Теміржолшылар жолаушыларды Наурыз мейрамымен құттықтады

«Жолаушылар тасымалы» АҚ қызметкерлері жолға шыққан қауымды келе жатқан әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, оларға мерекелік көңіл күй сыйлады, деп хабарлайды 24KZ.

Вагондарды түрлі түспен безендіріп, жылжымалы мейрамханада ақ дастарқан жайды. Мамандар пойыз билетіне сұраныстың көп болуына байланысты қосымша бағыттар жолға шығатынын да еске салды.

Бұл өнерпаздар – компанияның қарапайым қызметкерлері мен жолсеріктер. Діттеген жеріне жетемін деп пойызына асыққан жұртты ән-күйімен қарсы алып, жарқын көңіл күймен жолға шығарып салды. Дәстүрлі науқан жыл сайын Ұлыстың ұлы күні қарсаңында өткізіліп отырады.

Әлия Сәкенқызы, жолаушы:

- Мен Астанадан Алматы қаласына бара жатырмын. Қыдырып келгенбіз. Барша қазақ қауымын келе жатқан Наурыз мейрамымен құттықтаймын! Ақ мол болсын! Жылымыз берекелі әрі табысты болсын. Барша қазақ еліне тек жақсылық тілеймін.

«Тальго» пойызының бұл вагоны – мейрамхана. Сырты Наурыздың ресми белгісімен және ұлттық ою-өрнекпен әсемделген. Жол жүрер алдында жүрек жалғап үлгермеген азаматтар дастарқаннан дәм татса, Ораза ұстаған жандар ұлттық тағаммен ауыз ашты. Алдағы 5 күндік демалыста қосымша жолаушылар және электро пойыздар қатынайды.

Мұхит Тұрсынбаев, «Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директорының орынбасары:

- Біздің мерекелік пойыздар Астанадан Алматыға, Астанадан Шымкент қаласына және де біздің қала маңындағы тасымалдау филиалымызда Астана қаласынан Павлодар, Көкшетау, Бурабай стансыларына қатынайтын болады.

Мейрам кезінде тағы «Астана-Ақтөбе» пойызы да жолға шығады. Солтүстік, оңтүстік және батысқа қатынайтын бағыттарға қосымша 230-дан астам вагон қосылады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Артур Горшняков.