Ұлтты ұйыстырған мейрам. LIVE

Ал түркістандықтар наурыз мейрамын он күннен бері тойлап жатыр.

Бүгін өңір жұртшылығы таңмен таласа тұрып, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы этноауылға жиналды. Жарқыраған ақшаңқан үйлер, ұлттық киім киген көпшілік пен сән-салтанаты жарасқан қыз-келіншектер мерекенің ажарын аша түсті. Жандос Жұмабек, тілші:

- Баршаңызды түбі бір түркі жұртына ортақ Наурыз мейрамымен, жақында ғана түркі әлемінің туристік астанасы атанған киелі Түркістан шаһарынан құттықтаймыз. Ұлыс оң, ақ мол болсын деген тілегімізді жеткізгіміз келеді. Бүгін Түркістанда наурыз мерекесі үш жерде тойланып жатыр. Біз қазір Жеңіс саябағында тұрмыз. Мұнда Наурыз – шын мәнінде халық мерекеге айналғанын көруге болады.

Киіз үйлер тігіліп, әр үйдің алдында мерекелік қойылдымдар мен концерттік бағдарламалар көпшілік назарына ұсынылуда. Ұлттық құндылықтар ұлықталып, ұмыт болып бара атқан дәстүріміз дәріптеліп жатыр. Ал этно ауылда өтіп жатқан мерекелік іс-шаралар тіпті керемет. Онда халқымыздың ежелден келе жатқан қыз ұзату, сыңсу айту, күйеу түсу, бет ашар, бастаңғы, ақсүйек сияқты салт-дәстүріміз бен ұлттық ойындарымыз қайта жаңғыртылып, көпшілік көзайымына айналды. Театрландырылған қойылымдар қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер сыйлады. Жеңгейлер ұлттық тағамдарды әзірлеп, наурыз көже пісірді. Ал әжелер жас ұрпаққа ұмыт болып бара жатқан жүн түтіп, жіп ирілу және алаша тоқудың қыр-сырын үйретті.

- Түркістан өңірі Наурызды жылда ерекше атап өтетінін білеміз. Биыл басқа өңірлерден келіп, наурызды Түркістанда қарсы алған қонақтар болды ма?

- Әрине, мерекесі қарсаңында Түркістан қаласына келушілер саны көбейді. Биыл Түркі әлемінің астанасы атанған киелі шаһарға 17-24 наурыз аралығында 20 мыңнан аса турист келеді деп жоспарлануда. Жалпы Түркістанда 1240 бөлмелік 59 қонақ үй бар. Онда бір мезетте 2671 адамды жатқызуға болады. Алайда мамандар қазір қаладағы бірде-бір қонақ үйде орын жоқ екенін айтады. Біз жаңа ғана Түркістанның наурыз көру үшін Елордадан арнайы келген меймандардың пікірін жазып алған едік. Бірге тыңдайық.

Бөріктілер қазақша күрес, арқан тартыс, қошқар көтеру, асық ату сияқты ұлттық ойынның көрігін қыздырып, наурыз-думанның ажарын аша түсті.