22 наурыз – Халықаралық такси күні

Бұл мамандық иелері әрдайым соңғы жаңалықтардан хабардар. Кез келген тақырыпта әңгіме-дүкен құра алады. Әуесқой саясаттанушы, сыншы және музыкалық талғамы биік меломан. Олар кім дерсіз? Әрине, бұл – такси жүргізушілері. Бүгін – таксистер үшін қос мереке. Өйткені 22 наурыз – Халықаралық такси күні.

1907 жылы Лондон көшелерінде пайда болған қызметтің бұл түрі бүгінде үлкен сұранысқа ие. Әу баста көліктердің түсі жасыл және қызыл болған. Кейін сары түске боялды. Ал төбесіндегі қара ала белгі автожарыста қолданылатын жалаушадан алынған. Жолаушыны А нүктесінен Б нүктесіне жылдам жеткізуді білдірсе керек.

Ең бастысы, өз саласының маманы ұқыпты киініп, бірнеше тіл білсе игі, – дейді тәжірибелі такси жүргізушісі Қайрат Әлменов. Оның ресми компанияларда жұмыс істеп жүргеніне 15 жылдан асыпты.

Қайрат Әлменов, такси жүргізушісі:

- Өзіме ұнайды. Әр адам өз жұмысын бағалауы керек. Салғырт қарамауы керек. Жұмысын жақсы көруі керек. Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Таңертең 07:00-ден біздің жұмысымыз басталып кетеді. Таксопаркке барамыз. Міндетті түрде медик пен механиктен өтеміз. Себебі бұл – ресми такси.

Бүгінде адамдар бейресми такси қызметіне күнкөрістің қамы үшін барады. Біразы тұрақты табыс көзіне айналдырып үлгерген. Ол үшін арнайы қосымшаға тіркелу жеткілікті және қаланы толық білу шарт емес. Навигатордың көмегімен діттеген жеріңізге жетесіз. Бірақ қызметкеріне кәсіби түрде білім беретін, бірнеше тіл үйрететін, медициналық тексеруден өткізетін және көліктерін таза ұстайтын такси компанияларының құқығы бұзылмауы керек. Ол үшін мемлекет тарапынан бұл салаға қатаң бақылау қажет, – дейді қалалық тасымалдаушылар қауымдастығының өкілдері.

Медет Құрманов, қалалық тасымалдаушылар қауымдастығының төрағасы:

- Қауымдастық ретінде біз мемлекетке ұсыныс бердік. 20 жылдан астам уақыт бойы бақыланбай, өз-өзімен келе жатыр. Бірақ олигополия пайда болғанымен, бұл компаниялар тек өзінің коммерциялық мүдделерін қадағалайды. Нарықта не болып жатқаны қызық емес. Сондықтан біреу қадағалау керек. Жолаушының, жүргізушінің немесе такси компаниясының құқығы бұзылады. Баға өседі не болмаса тасымалдау сапасы түседі немесе адам өмірі мен денсаулығына зиян болады.

Көлік министрлігінің мәліметінше, бүгінде елімізде 3 мыңға жуық такси қызметі ресми тіркелген. 10 мыңнан астам таксопарк бар. Ал мобильді қосымшасын жүктеп, жолаушыларды жеке тасымалдаумен айналысатындардың саны 60 мыңға жуықтайды. Кешке жұмысынан шығып, бос уақытында жолай таксиге айнала кететіндердің саны жарты миллионға жетіп қалды. Мамандандырылған қауымдастық ұсынған деректер осындай. Такси құны қымбаттаса да, халықтың осы қызметке жүгінуі азаймай отыр. Сұраныс жоғарылаған сайын бағаның да өсе беретіні сөзсіз. Бұл – нарық заңдылығы.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Наурызбай Құрманғазы, Досхан Қораз.