Вейп саудасының жолын кесу

Қоғамда вейпке құмарлық басылмай тұр.

Ол ересектердің ғана емес, жастардың да ермегіне айналған. Бүгін Астанада вейп сатудың жолын кесу бойынша рейд жұмыстары жүргізілді. Алматы ауданының әкімдігі, учаскелік полицейлер және еріктілермен бірігіп, бірқатар сауда нүктесінің иелеріне ескерту жасады.

Қазір дүкен сөрелерінде вейптер самсап тұр. Бағасы да қолжетімді. Оны екінің бірі будақтатып отыруды сәнге айналдырған. Түтіні тұтынушының өзіне ғана емес, жанында отырған адамдарға да кесірін тигізуі мүмкін. Бүгінде ересектермен қоса, жастар арасында да мұндай үрдіс белең алып бара жатыр. Сондықтан Алматы ауданының әкімдігі тәртіп сақшылары және еріктілермен бірлесіп рейд жұмыстарын жүргізуге кірісті.

Арина Амангелдина, Алматы ауданы әкімдігі ішкі саясат бөлімінің бас маманы:

- Халықты ескертіп, алдын-алу шараларын өткізіп жатырмыз. Кәсіп иелері өз еркімен мұндай сауда нүктелерін жабуы керек. Әйтпесе айыппұл арқалауы мүмкін. Бұған дейін де 2 рет рейд жұмыстарын жүргіздік.

Айыппұл демекші, қазір тек ескерту шарасы жүргізіліп, дүкенді жабу талабы қойылады. Ал оған бағынбағандарға 25 айлық есептік көрсеткіш, яғни 92 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынады. Рейдтің де мақсаты - сауда нүктелерінде вейп айналымының жолын кесу.

Абзал Кәсібек, Алматы ауданы полиция басқармасының учаскелік полиция инспекторы:

- Қазіргі таңда сатушыларға, олардың қожайындарына қанша айлық есептік көрсеткіште айыппұл салынатыны, әкімшілік құқық бұзушылық біздегі заңнама баптары бойынша 196-бап бойынша қандай әкімшілік шара қолданылатыны туралы түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Салтанат Рақышева, ерікті:

- Өскелең ұрпақтың денсаулығына бей-жай қарауға болмайды. Себебі ел болашағы – дені сау жастар. Мұндай дүкендер жабылуы тиіс. Сатушылар тіпті баланың жасын да сұрамайды.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы жаман әдет пен қауіпті кеселден құтылуымыз қажеттігін айтып, вейптің сауда айналымынан жою керек деген еді. Міне, қазір онымен күресу үшін жүйелі жұмыстар жүргізу қолға алынды.

Авторлары: Альмира Оразбай, Арман Ақшабаев