Үкімет басшысының аймаққа сапары

Петропавлда электромобильді қуаттайтын құрылғылар құрастырылады.

Тың жоба электро – техникалық зауытта жүзеге асады. Отандық өнертапқыштардың бұл бастамасымен Премьер-Министр Олжас Бектенов танысты. Өңірге жұмыс сапарымен келген Үкімет басшысы қаладағы өндірістік нысандарды аралап, тасқынға қарсы іс – шараларды пысықтады.

Бұл зауытта баспалық платалар, электронды техникалардың бөлшектері мен қорғаныс, газ – мұнай және темір жол салаларын автоматтандыру құрылғылары құрастырылады.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Отандық ғалымдардың тағы бір тың жобасы мына бір қауіпсіздік жүйесі. «Ақылды» камера жасанды интеллект арқылы бейнеге түскен адамның кім екенін анықтайды.

Былтыр кәсіпорында 6,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді. Енді мамандар электромобильді қуаттайтын құрылғыларды құрастырмақ. Тың жобамен Премьер – Министр Олжас Бектенов танысып, Отандық өнімнің мазмұнын арттыруды тапсырды.

Алмас Нұрмағамбетов, зауыттың бас директоры:

- Жас мамандар қуаттау құрылғысын ойлап тапты. Ол импорттық баламасынан артық болмаса, кем түспейді. Біз Отандық нарықты толық қамтуға дайынбыз. Мүмкіндігіміз жылына мыңдаған данасын шығаруға жетеді.

Жылу электр орталығы жаңғыртылып жатыр

Үкімет басшысы Петропавлдағы жылу электр орталығында да болды. Ескірген қазандықтарды жөндеуге былтыр 10 млрд. теңге инвестиция тартылды. Жаңғырту жобалары биыл да жалғасады. Ал 2022 – інші жылы құлаған мұржаның құрылысы мамыр айында қайта басталады. Бұдан кейін Олжас Бектенов қаланың су торабына барды. Есіл өзенінің ағысын реттейтін нысанның жағдайын көріп, тасқынға қарсы іс-шаралармен танысты.

Су тасқыны жағдайы бақылауда

Олжас Бектенов ҚР Премьер-Министрі:

- Еліміз бойынша су тасқыны болып жатыр қазір кейбір өңірлерінде. Сондықтан қазір жеке құрам, техника бәрі жұмылдырылды. Бірақ та енді жағдай күрделі. Барлық жұмыстар қазір жүргізіліп жатыр. Зардап шеккен адамдарға көмек көрсетіледі.Көмексіз, Үкіметтің көмегінсіз, назарынсыз ешкім қалмайды.

Солтүстік Қазақстан облысында 87 ауылды су басу қаупі бар. Қазір мамандар жедел – әрекет ету штабын құрып, қауіпті аймақтарға құтқарушылар тобын жіберді. Бұл ретте Олжас Бектенов алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков