Топтеректің халқы қайыққа қарап қалды

Шығыс Қазастан облысы, Күршім ауданында бүтін бір ауылды аудан орталығымен байланыстырып тұрған көпір мен жолды қарғын су шайып кетті.

Қазір халық ары-бері тек қайықпен өтіп жүр. Оларға құтқарушылар мен жергілікті атқарушы орган өкілдері көмектесуде. Мамандардың айтуынша, әзірге елді мекендерге тасқыннан тікелей төнген қауіп жоқ.

Топтеректің халқы қайыққа қарап қалды. Таудан арқырап келген су шағын көпірді қиратып өте шыққан. Қазір ары-бері қатынаған тұрғындарға құтқарушылар көмектесіп жатыр.Кешелі бері 50ден астам адам тасымалданыпты. Аудан әкімдігінің мәліметінше, көпір мен ауылдың арасы 4 шақырым. Сондықтан елді мекенге қауіп жоқ дейді.

Алмат Ақышев, Күршім ауданының әкімі:

- Су деңгейі төмендегеннен кейін айналма жол салынатын болады, және жазғы уақытта бұл көпірді қайтадан жөндеуден өткіземіз.судың деңгейі әлі төмендеген жоқ көріп тұрғандарыңыздай дегенмен ауылдарға деген қауіп жоқ.

Облыста тасқынға жоғары дайындық кезеңі басталғалы екі ай болды. Арықтар мен суағарлар күл-қоқыстан,қардан аршылып, қауіпті деген жағалауда бөгет салынып жатыр. «Күн жылынған сайын әзірлікті пысықтап,сақтықты күшейтудеміз»,- дейді мамандар.

Әйгерім Сағидуллина, ШҚО ТЖД басқармасының инженері:

- 442 арық, 71 арна, 447 көпір қар мен қоқыстан тазартылды. 368 мың текше метрден астам қар шығарылды. ШҚО ТЖД қызметкерлері халықты су тасқыны кезеңінде дайындау мақсатында 149 елді мекенде 270-тен астам рейд жүргізді. Бұл рейдте 20 мың халық қамтылды.

Төтенше жағдайлар департаменті өздері қамданып қана қоймай, қарғын судың астында қалған қостанайлықтарға да көмек қолын созбақ. Ол жаққа 10 құтқарушы, Шерп көлігі мен жүзу құралдары жіберілді. Олар 1500 шақырымды артқа тастап құтқару жұмысына ат салысады.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.