Ақтөбе саяжайларынан халық эвакуацияланды

Ақтөбеде Елек өзенінің айналасында шоғырланған саяжай ұжымдарынан мыңдаған адам эвакуацияланды.

Құтқарушылар түні бойы жұмыс істеді. «Сазды» және «Ақтөбе» су қоймалары толып, өзенге әлсін-әлсін су келіп жатыр. Сондықтан адамдарды қауіпсіз жерге шығару әлі де жалғасады. Қаладағы 20-дан астам мектепте ашылған эвакуациялық орталықтарға 1413 адам жеткізілді. Олардың арасында сәбилер де бар. Тасқыннан зардап шеккендерге жан-жақтан көмек көрсетіліп жатыр. Ақтөбеліктер мектептерге азық-түлік, киім-кишек, гигиеналық құралдар тасып жатыр. Мұнда орналасқан кісілердің жағдайын жасау үшін, кезекшілік те ұйымдастырылды.

Эльмира Бигілікова, қала тұрғыны:

- Бір-екі күнге амалдап, судың беті қайтатын шығар деп ойлап едік. Онымен судың беті қайтатын түрі жоқ. Керісінше күшейіп жатыр. Бұл оның алдындағы жылға қарағанда қауіптірек. Амал жоқ, көмек ретінде осы мектепке келіп отырмыз. 

Индира Садирова, №18 орта мектебі директорының орынбасары:

- Қазіргі уақытқа дейін 146 адам тіркелді. Оның ішінде 102 ересек пен 44 бала бар. Жан-жақтан көмектер беріліп жатыр. Орталықтар, қоғамдар, волонтерлер және өздеріміздің ұстаздарымыз, осы жерде қоныстанған ата-аналарымыз бар.