Жезқазғанда тұрғын үй қорының үштен бірі ескірген

70 жыл бұрын салынған ағаш үйлердің кейбірі құлайын деп тұр.

2026 жылға дейін 130-дан астам ескі үй сүріліп, орнына жаңасы салынуы тиіс еді. Дегенмен, реновация бағдарламасы баяу жүруде. Жоба іске қосылғалы үйі апатты деп танылған отбасыларға ғана пәтер берілді. Ал ресми құжаты жоқ пәтер иелері тозған үйде әлі тұрып жатыр.

Биыл Жезқазғанға қала мәртебесі берілгеніне 70 жыл болады. Ал мына үйлердің тарихы одан да әрі. Іргетасы шөгіп, қабырғасы сөгілген ағаш үйлерде адамдар әлі тұрып жатыр. Руслан Линниктің баспанасы біраз жыл бұрын апатты деп танылған. 8 пәтерлі тұрғын үйде қазір 3 отбасы тұрады. Өзгелері пәтер жалдап кеткен.    

Руслан Линник, қала тұрғыны:

- Басында әртүрлі ұсыныстар болды. 3 бөлмелі пәтерге өтемақы ретінде 4 млн ұсынды. Әрине, бас тарттық. Ол ақшаға гараж ғана сатып алуға болады. қазір енді инвесторлар өтемақыны көтеріп жатыр деп естідік. Немесе дәл осындай аумақта жаңа пәтер ұсынатын шығар. Енді ол жағын уақытында көретін боламыз.

Жезқазғанда  660 көпқабатты үй бар. Оның 238-і ескірген. 130-дан астам қосқабатты ағаш үй реновация бағдарламасы бойынша сүріліп, жаңасы салынуы тиіс еді. Бірақ, күні бүгінге дейін оның шапағатын көрген ешкім жоқ. Бағдарлама басталғалы бірде-бір отбасының пәтері жаңармаған  

Алиса Сағымбаева, тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Реновация бойынша қазір бізде бағдарлама әлі жұмыс істемейді. Өйткені құрылыс салушылар-мердігерлер әлі табылған жоқ. 2021 жылы қараша айында әкімдікпен осы бағдарлама бекітілген. Осы күні инвесторларды іздестіріп жатырмыз. 

Реновация бағдарламасының шарты бойынша тұрғынға өзінің баспанасының көлеміндей пәтер берілуі керек. Құрылыс салушылар мен тұрғындар арасындағы келісімнің жасалмай жатқан тағы бір себебі бар. Пәтер иелері жаңа баспанадан көрі қаржылай алғанды жөн көреді еке .

Алиса Сағымбаева, тұрғын үй инспекциясының бөлім басшысы:

- Тұрғындардың талабы қазіргі уақытта бізге жаңадан басқа пәтер алуға қаражат бөліңдер дейді. сол себепті мердігерлердің қаражаттары жетпейді ме, әйтеуір келісімге келмей жатыр.

Салынғанына 60 жылдан асқан ағаш үйлер көршілес Сәтбаев қаласында да үлкен мәселеге айналған. Бүгінде қос қалада осындай 400 ден астам үй бар. Реновация бойынша инвесторлармен келісімге келе алмаған тұрғындардың ендігі үміті өңірді дамытудың кешенді жоспарында. Аталған жоспар бойынша ескірген ағаш үйлер 2026 жылға дейін кезең-кезеңімен жаңартылуы тиіс.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев