Павлодар облысында тасқыннан бүлінген мүлік түгенделіп жатыр

Павлодар облысында су тасқынынан келген шығын есептеліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Бүгіннен бастап арнайы комиссия бүлінген дүние-мүлікті түгендеуге кірісті. Ресми ақпаратқа сүйенсек, Успен және Ақтоғай ауданы бойынша 18 үйді су басқан. Сонымен қатар Май ауданының орталығы,  Көктөбе ауылында да бірнеше үйге су кірді. Облыс аумағында қауіпті 10 учаске бақылауға алынған. Жедел штаб тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Жалпы жағдай тұрақты, – дейді мамандар.

Көктөбе ауылының шеткі үйлеріне су қырдан келген. Биыл қар қалың түсті. Оның үстіне күн күрт жылынды. Шәмшінұр Нүсіпханның айтуынша, жылда  қора-қопсыны басатын су биыл үйге кірді. Еденді ауыстырмай болмайды.

Шәмшінұр Нүсіпхан, Көктөбе ауылының тұрғыны:

- 4 баланы, құжатты апарып тастап, қайтып келдім. Қайтып келсем, үйге ортан белінен су кіріп болыпты. Амал жоқ, содан кейін әкімшілікке қайта хабарластым, «үйге су кіріп кетті» деп. Ол кісілер енді шамасының келісінше суды сорды, суды 4 күн сорды ғой негізі. Бүгін, міне, 2 күн болды, кішкене жақсы, көзіміз ашылып әйтеуір.

Жергілікті әкімдік уақытша жатақханаға барып тұруға кеңес беріпті. Бірақ көпбалалы отбасы одан бас тартқан. Ал көршілері есігін жауып, қалаға кетіпті. Аудан басшысы шығынның өтелетінін айтты.

Ағыбай Әмірин, Май ауданының әкімі:

- Мына жер бұрын жазық болған. Қазіргі уақытта үй салынып жатыр. Өздеріңіз көріп жатсыздар. Сол үйлер жаңағы қарды ұстап қалды, – дейді. Ондай мәселе бар. Яғни, тұрғын үй емес, жаңағы қосалқы ғимараттарға кіргені туралы келді. Біз көрдік, кейбіреулерінің фундаменттерінің сылағы түскен. Ондай жағдайлар болды. Біз аудан бюджетінен оларды қалпына келтіруге жаңағы 100 АЕК қаражат бөлеміз.

Судың беті Павлодар облысының солтүстігіне ауысып барады. Бүгінде 18 үй су ортасында қалды. Ақтоғай ауданының Шолақсор мен Жалаулы ауылдарында жағдай күрделі.

Олег Трещев, облыстық ТЖД бастығының орынбасары:

- Сілеті өзеніне қауіп көрші Ақмола облысынан келеді. Су қазір қалыпты мөлшерден артық босатылып жатыр. Тасқын судан тағы бірнеше аймаққа  қауіп төнуі мүмкін.

Тасқыннан келген залалды жоюға облыс 2 миллиард 800 миллион теңге қаржы бөлді. Арнайы комиссия шығын көлемін есептейді. Қала және аудан әкімдіктері зардап шеккен үйлердің тізімін жасап жатыр.

Альмира Дюсюпова, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:

- Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша барлық зардап шеккен отбасыларға арнайы көмек көрсетілетін болады. Оның ішінде бюджеттен тыс, демеушілік қаражат есебінен де болады. Сонымен қатар су тасқынынан зардап шеккендің барлығына міндетті түрде біржолғы мемлекеттік көмек көрсетілетін болады.

Қарғын судан зардап шеккен адамдар жергілікті әкімдікке хабарласып, өтініш бере алады. Ал өңірде дауылды ескерту жарияланды. Алдағы тәулікте Павлодар облысы бойынша қар аралас жаңбыр күтіліп отыр. Қарғын суға қарсы күрес те күшейе түспек. 

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев.