Қар да кетті, жол да кетті. Былтыр бар еді...

Қарағанды көшелерінде қармен бірге асфальт та еріп кетті. Біразы былтыр ғана жөнделген.

Енді кепілдік мерзімі бітпеген бұл жолдарды мердігерлер қайта жөнге келтіруге тиіс.

Қала жолдарының сиқы осы. Олардың пайдалану мерзімі 5 жыл деп көрсетілгенімен, көбі 10 жылдан бері жөндеу көрмеген. Көлігін аяп ой-шұңқырдан қашқан жүргізушілердің әбден ығыры шыққан.

БЛИЦ:

- Жол деген жоқ деп айтса да болады. Жол деген аты ғана бар. Мен, мысалға, өткенде ГАИ-ға айыппұл төледім. Қарама-қарсы бағытпен жүрген үшін. Өйткені маған амалсыз жүру керек болды шұңқырлардан қашып.

- Қар кетті, жол да жоқ. Қар бар кезде кішкене жамаған еді. Енді бір айда екі рет жасайтын болдық қой ходовканы.

Кеншілер шаһарында кепілдік мерзімі бітпеген 127 жол бар. Оларда бастапқы 3 жылда ешқандай кемшілік болмауы тиіс.

Қаладағы кепілдік мерзімі бітпеген жолдарға жаппай тексеріс жүргізіліп жатыр. Мамандар 10 жолдан ой-шұңқыры шыққан учаскелерді анықтады. Енді оны мердігерлер өз қаражатына қайта қалпына келтіреді. Мысалға мына Кеншілер даңғылының жолын өткен жылы ғана жөндеген еді. Алайда асфальт қар суымен бүлініп шыға келді.

Биыл қала жолдарын ағымдағы, орташа және күрделі жөндеуге барлығы 13 миллиард теңге бөлінген. Орталық көшелер ғана емес, бұрын көңіл бөлінбеген аумақтар да қамтылады, - дейді мамандар.

Григорий Ботнарь, ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары:

- Биыл жалпы ұзындығы 113 шақырым жолға орташа жөндеу жүргізіледі. Дені жеке үйлер аумағындағы жолдар. Бұрын-соңды ол аумақтарда асфальт мүлде болмаған. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталады.

Жол құрылысы жұмыстарын жеделдету үшін «суық асфальт» төсеу технологиясы пайдаланылады. Бұл -20 градусқа дейінгі климаттық жағдайда арнайы дайындықты қажет етпейтін, ой-шұңқырларды жамауға оңтайлы әдіс. Тез қататындықтан жол қозғалысын ұзақ уақытқа жабудың қажеті жоқ.

Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар, «24.KZ», Қарағанды облысы