Қостанай облысында тасқынның зардабы есептеліп жатыр

Қостанай облысының оңтүстік аудандарында да су тасқынының зардабы есептеліп жатыр.

Арнайы комиссия зақымданған 300-ге жуық үй-жайды аралап шықты. Бағалаушылар шығын мөлшерін нақтылағаннан кейін тұрғындарға негізгі төлем беріле бастайды. Одан бөлек бюджеттен біржолдық материалдық көмек және әлеуметтік төлемдер қаралған. Бұл жәрдем қаржыны алуға 400-ден астам өтініш келіп түсті. Күні бүгінге дейін Арқалық қаласы, Амангелді және Жанкелдин ауданы тұрғындарының  есепшотына 100 миллион теңге аударылды.

Алма Жүсіпова, облыстық Қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

- Ал шығынды өтеу бойынша үш ауданнан бүгінгі күні  160-қа жуық өтініш келіп түсті. Бағалаушылар бірінші кезеңде зақымданған дүние-мүлікті барып, көріп, тіркейді. Сосын бес жұмыс күні ішінде  бағалау қорытындысын шығарып, есебін беруге тиіс. Сол бойынша төлем жүргізіледі.