Қостанайда көлік қозғалысы қиындады. LIVE

Қостанай облысында су тасқынына байланысты көлік қозғалысы қиындап, кептеліс пайда болды.

Ал қала маңына жақын орналасқан елді мекендерде эвакуация жұмыстары қызу жүріп жатыр. Дәл қазір әріптесім Мерей Қанапия тікелей эфирге қосылуға дайын.

Мерей Қанапия, тілші:

- Мен дәл қазір Қостанайдағы Тәуелсіздік көшесінің бойында тұрмын. Бұл көпірде таңнан бері ұзын-сонар көлік кептелісі басталған. Салдарынан жүргізушілер машиналарын тастап, әрі қарай жаяу кетуге мәжбүр. Ал ауыр жүк көліктерінің жүруіне түбегейлі шектеу қойылған.

Қазір су тасқыны салдарынан Тобыл өзеніне жақын орналасқан сауда орталықтары мен спорт кешендеріне залал келген. Сондай-ақ төтеншеліктер қала маңына жақын орналасқан Алтынсарин, Мичурин ауылдарының тұрғындарын эвакуациялап жатыр.

Айта кетейік, бүгінге дейін Қостанай облысында барлығы 8 мыңға жуық адам эвакуацияланған. Ал су тасқының алдын алу жұмыстары тәулік бойы жүргізіліп жатыр.