Өскеменде гуманитарлық көмек пунктері ашылды

Шығысқазақстандықтар да табиғи апат болған өңірдегі ел-жұртқа белсене қол ұшын созуда.

Өскеменде "Еріктілер орталығы" мен "Достық үйінде" гуманитарлық көмек жинайтын екі пункт ашылды. Онда тұрғындар ең қажетті деген заттарды әкеліп жатыр. Алдағы аптада үлкен керуен жолға шықпақ. Қаладағы жоғарғы оқу орындары да белсенді атсалысып жатыр. Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ұжымы мен студенттері жарты күн ішінде 400 қорап зат жинап топан су басқан өңірге жіберді. Ал Дәулет Серікбаев атындағы техникалық университет ұжымы ертең кешке қайырымдылық көмекті апат аймағына аттандырады.

Нұрбек Сапарходжаев, Д.Серікбаев атындағы ШҚТУ проректоры:

- Одан бөлек біз енді, өз ұжымымызбен біріге отырып шешім қабылдадық,бір күндік біздің жалақымызды жинап,сол аймақтарға,аймақтардағы жерлестерімізге жібереміз деп шештік.Енді сіздер білесіздер біздің ұжымымызда мыңнан астам адам жұмыс істейді,орташа шамамен алған кезде 3 миллион астам теңге,ақшаны біз жібереміз.