Мал өлексесі көмілген жерлерді су басты

Батыс Қазақстан облысының су басқан аудандарындағы төрт түлік сібір жарасы, қарасан мен топалаңға қарсы жаппай вакциналанады, деп хабарлайды 24KZ.

Өйткені мал өлекселері көмілген арнайы жерлер су астында қалған. Сібір жарасынан қырылған мал көмілген 14 орынды су шайды. Оның басым бөлігі Сырым ауданында. Бұл туралы бүгін ветеринария басқармасының мамандары мәлімдеді.

Жалпы тасқын кезінде өңірде сиырдан 219 бас, қойдан 1500, жылқыдан 54 бас шығын болған.

Нұрқайыр Құсайынов, БҚО ветеринария басқармасының бөлім басшысы:

- Төтенше жағдай орын алған аумақтарда жануарлардың аса қауіпті жұқпалы ауруын болдырмау мақсатында сол жердегі барлық мал басы бақылауға алынып, вакцинация жүргізілетін болады. Қазір малдәрігерлік мамандар жергілікті жерде мал өлекселерін жоюмен айналысып жатыр. Жалпы эпидемиологиялық жағдай қалыпты, жұқпалы мал аурулары тіркелген жоқ.