Арнайы комиссия қираған дүние-мүлікті тіркеп жүр

Су басқан аймақтарда табиғи апаттан келген залал есептеліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Арнайы комиссия зардап шеккендердің өтініші бойынша үй-үйді аралап, қираған дүние мүлікті тіркеп жүр. Сол бойынша бағалаушылар нақты шығын мөлшерін анықтайды.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Арқалық қаласына қарасты Новый кентінде 746 үй бар. Соның 70 шақтысын, міне, осылай су басқан. Арнайы комиссия бүгінде тексеріп, қарап жүр. Арасында жөндеуге келмейтін жарамсыз үйлер де жоқ емес.

Комиссия зақым келген мүліктердің барлығын қағазға жазып тіркейді. Дәлел-дәйек үшін суретке түсіреді. Мынау – осы Новый кентіндегі қатты зардап шеккен баспаналардың бірі.Үй іші тізеден келетін суға батыпты. Қазір мұнда ешкім тұрмайды. Үйдің іргетасы үгітіліп, қабырғасы сетіней бастаған.

Есімхан Сейітбекұлы, Арқалық қаласының тұрғыны:

- Бұл үй болатын үй емес. Енді бұл үй құлады. Линолеум анау, паласы жатыр, несі жатыр, диваны тұр. Креслосы тұр. Оның бәрі бітті ғой, мынау судан кейін сасиды енді.

Арқалықтағы арнайы комиссия құрамында 22 адам бар. Ветеринар, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлері, заңгер сияқты бірнеше сала мамандарынан құралған топ бірнеше бағытта жұмыс істейді. Біреулері ауылдардағы шығынның есебін шығарып жатса, енді бірі қала ішін аралап жүр.

Айдана Жангелдіқызы, арнайы комиссия мүшесі:

- Бүгінге текті ақпаратқа сәйкес қала аумағында 170 үйге акт толтырылып, қала аумағындағы шағын аудандардың үйлерін араладық. Ал ауыл аймақтарға тоқталар болсақ, Қызыл жұлдыз ауылында 41 үй, Екідін ауылында 26 үй қазіргі таңда үйлерге акт толтырылды.

Осы күнге дейін тек Арқалық қаласы бойынша 146 бас ірі қара, 784 ұсақ мал, 30 жылқының өлексесі табылып көмілген. Табиғи апаттан зардап шеккендерге өтемақы төлеу жүргізіліп жатыр.

Алма Жүсіпова, Қостанай облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы сомасы 108 млн теңгені құрайтын 764 өтініш қабылданды. Бұл қаражат зардап шеккендердің азық-түлік, киім-кешек, қажетті заттарды сатып алу және тұрғын үйді жалға алу сияқты негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған. Залалды қалпына келтіру және әлеуметтік көмекке өтемақыдан басқа, зардап шеккендерге бюджеттен тыс қаражаттан 32 миллион теңге сомасында көмек көрсетілді.

Мамандардың айтуынша, келтірілген шығында бағалау комиссиясының жұмысы кем дегенде әлі бір айға жалғасады.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг.