Оралда эвакуация басталады

Орал қаласындағы қауіпті аймақтардың тұрғындары дереу қауіпсіз жерлерге көшірілуі тиіс.

Қала әкімдігі тұрғындарға осындай үндеу жасады. Себебі, мамандардың пайымына сай, Ресей Федерациясының Орынбор аумағынан алдағы 2-3 күнде үлкен көлемде су келеді. Бүгінде Жайықтың деңгейі 8 метрге жуықтаған, ал ең қауіпті деңгей 8 жарым метр саналады. Аймақта төтенше жағдайлар қызметі мен күштік құрылым мамандары тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Жалпы саны 6 жарым мыңға жуық адам мен 1 мың 400 техника тартылған. Облыс әкімі баспасөз қызметінің басшысы Орал қалсында және облыстың 4 ауданында су тасқыны қаупіне байланысты жағдай күрделі болып отырғанын жеткізді.

Ерхан Тәткен, БҚО әкімі баспасөз қызметінің басшысы:

- Атап айтқанда, Орал қаласындағы Жайық өзені бойындағы саяжайлардың су басу қаупі жоғары. Аудандар тұрғындары шұғыл арада эвакуациялануы қажет. Судың мол көлемі кез келген уақытта жетіп, үйлерді су басуы мүмкін деген хабар тарауда. Осыған байланысты облыс орталығында эвакуациялық пункттер жасақталған. Олар тұрғындарды күні-түні үздіксіз қабылдайды.