Есіл тасуы мүмкін бе?

Жер-көкті су алып жатқандықтан, астаналықтардың да көңілі күпті. Өйткені іргеде Нұра, қаланың қақ ортасын жарып, Есіл ағып жатыр.

Елоданы жағалай қоныстанған Қоянды, Талапкер, Қараөткел, Жібек жолы елді мекендеріне де қарғын су қауіп төндірген еді. Қазір су саябыр тауып, Есіл өз арнасымен ағып жатыр. Дегенмен алда қауіп болуы мүмкін бе? Өзен тасымай ма? Жұрт осыған алаңдаулы.

Бас шаһарды қақ жарып аққан ерке Есіл тасуы мүмкін бе? Көпшіліктің көңіліндегі күдік осы. Себебі ағын судың 32 шақырымы Астананың аумағымен ағады. Алда-жалда арнасынан асса, қалаға су жайылуы ғажап емес. Алайда жауаптылар: «алаңдайтын ештеңе жоқ, жағдай бақылауда», – дейді. Қазір Есілде су деңгейі – 580 см. Ол 790-ға көтерілмей, қауіп жоқ.

Бақытжан Мәуленбердиев, Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:

- Есіл өзенінде бізде Қазгидрометтің  3 гидробекеті орналастырылған. Сол гидробекет арқылы Есіл өзенінің деңгейіне мониторинг жұмыстар жүргізіліп отыр Қазгидрометпен бірге. Қазіргі таңда Есіл өзенінің деңгейі бойынша жағдай бірқалыпты. Мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.

Ендігі бір мәселе, шаһардың іргесінде Астана су қоймасы бар. Бұған дейін әлеуметтік желілерде торап 99%-ке толғаны туралы ақпарат тараған еді. Тіпті бас қаланы су басады деген де алыпқашпа сөз желдей есті. Айдынның арнасы толғаны рас, дегенмен қалаға қауіп төніп тұр деген ақпарат жалған. Жауаптылар осылай деді.

Андрей Круглов, Астана су торабының басшысы:

- Қазір жағдай бақылауда. Астана су қоймасында 408 млн текше метр су қоры бар. Яғни, су торабы 99%-ке толды. Алайда алаңдайтындай ештеңе жоқ, жиналған суды төменгі ағысқа қарай жіберу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта да тасқын болады деп айта алмаймын.

Дей тұрғанмен қол қусырып отыруға болмайтыны белгілі. Қарғын су қарқын алуы ғажап емес. Төтенше жағдайлар департаментінің басшысы: «Есіл ернеуінен асса да, тасқынға тастүйін дайынбыз», – дейді.

Бақытжан Мәуленбердиев, Астана қаласы ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының басшысы:

- Төтенше жағдайлар кезінде арнайы 7 қонақүймен меморандумға қол қойылған. Яғни, 2260 адамға дейін қабылдаймыз. Автобус парктерімен 40-қа дейін автобус алуға меморандум бар, зардап шеккендерді тасымалдау бойынша және зардап шеккендерді қабылдау бойынша 16 пункт бар бізде.

Қар суының қаупін сейілту жұмыстары қыста басталған. Биыл шаһар аумағынан 6,7 млн текше метр қар шығарылды. 65 мың метр арық тазаланды. Сондай-ақ 15 шақырым құбыр тазаланды.

Авторлары: Шернияз Жалғасбекұлы, Қанат Махмутов.