Ақтөбе облысындағы Торғай өзенінде су деңгейі төмендеді

Ақтөбе облысының Ырғыз ауданында жағдай тұрақталып келеді.

Аймақтан ағып өтетін Торғай өзенінің деңгейі кешегі күнге қарағанда 4 см ге түскен. Қазір ауылдарда құтқарушылар төтеннен келген тасқынға төтеп беруде. Тұрғындарды ауылдан ауданға эвакуациялау жұмыстары да тұрақты жүргізіліп жатыр. 

Әлішер Әли, тілші:

- Қазір су басу қауіпі бар Құйылыс ауылынан тұрғындары эвакуациялау жұмыстары жалғасуда. Біз осыған дейін тікұшақтын бірінші рейсімен 40 тұрғын эвакуацияланғанын айтқан болатынбыз. Қазір біз тікұшақтын екінші легімен ұшып келе жатырмыз. Мұнда 30 ға жуық тұрғын бар. Олардың дені әйелдер мен балалар. 

Рауля Бертілеу, Құйылыс ауылының тұрғыны:

- Кешеден бері шамалы түсті деді. Көптеген адамдар да көмектесіп жатыр. Сарбаздар келіп жатыр, ауыл азаматтары бар. Бәрі көмектесіп жатыр.

Ырғыз ауданында 18 елді мекен бар. Оның ішіндегі ең үлкен ауылдық округ ол Нұра. Яғни ағын сумен арпалыс осы төңіректе болып жатыр. Округке қарасты Мамыр, Белшер ауылдарына да су жеткен. Жан мен малдан шығын жоқ. 

Нұрлан Қызбергенов, Ырғыз ауданының әкімі:

- Нұра село округінде 34 үйге су кірді. Оның ішінде екеуі су астында қалды. 5 ғимаратқа су кірді және мектептің ауласына су кірді. Мамыр елді мекені бойынша 10 үйге су кірді. Оның әзірге екеуі су астында. Қазіргі уақытта Тәуіп ауылдық округінде су тасқынына байланысты халықты қауіпсіз жерге шығару үшін жұмыстарды бастап кеттік.

Қазір ауылдарда бөгеттерді нығайту жұмыстары жүргізілуде. Арнайы жұмылдырылған топтар құм толтырылған қаптармен сулардың жолын бөгеп, ауыл-аула ішіндегі көлкіген көлдің бағытын бұрып жатыр. 

Нұрғали Жүнісов, Ақтөбе облысы ТЖД бастығы:

- Құйылыс ауылындағы 2 шақырым бөгетті нығайту мақсатында ТЖД және қорғаныс министрлігіне қарасты бөлімдерден 31 қызметкер сонымен қатар жалпы еріктілер жұмылдырылды. Бөгетті нығайту жұмыстарына 70 адам жұмылдырып 2000 қапшық орнатылды.

Әскери қызметкерлер мен тұрғындар Құйылыс пен Жайсаңбай ауылдарын судан қорғау үшін барлық жағдайды жасауда. Қазір жағдай қалыпты. Десе де қарғын су қарын алуы ғажап емес. Осы ретте облыс басшылығының тапсырмасына сәйкес екі ауылдың тұрғындарын аудан орталығына эвакуациялап жатыр. Нұра, Белшер, Мамыр ауылдарын қосқанда 5 өңірден мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Әлішер Әли, Айнадин Молдабеков