Павлодар облысы тасқынның екінші кезеңіне дайындалып жатыр

Өйткені Шығыс Қазақстан мен Абай облысындағы су қоймаларынан біртіндеп су ағызыла бастады.

Биыл Ертіс жайылмасының 90 пайызын су басуы ықтимал. Өзенге жақын елдімекендерге де қауіп бар. Қазір қалаға іргелес Кенжекөл ауылында қарбалас. Құтақрушылар инертті материалдар әзірлеп, бөгетті биіктетіп  жатыр.  

Раиса Дмитриева Кенжекөл ауылында байырғы тұрғыны. «Бұрын Ертіс тасығанда су үйіне дейін келетін. Бөгет салынып көзіміз ашылды», - дейді ол. Оның үстіне кейінгі жылдары ондай мол су болмапты. Дегенмен, көктем сайын қауіптің болатыны анық.

Кенжекөл ауылын айнала құм үйілген. Оның ұзындығы 2 шақырымнан асады және 1,5 шақырымы биыл қайта жаңғыртылды. Дамбаның биіктігі 2,5- 3 метрге дейін көтерілді. Ауылдың шетінде орналасқан үйлерді судан қорғау үшін қосымша 500 метрлік бөгет жалғанып жатыр.

Раиса Дмитриева, Кенжекөл ауылының тұрғыны:

- Өткен жылы су келмеді. Елімізде болып жатқан жағдайға қарасақ, бойымызды үрей билейді. Мына салынып жатқан  дамбаға үміт артып отырмыз. Судан қорғайды деп сенеміз. Біздің көше жағалауда тұр. Кейбір көршілеріміз алдын ала қамданып, жиһаздары мен құнды заттарын қалаға әкетіп жатыр.

Жергілікті атқарушы билік жағдайды бақылауда ұстап отыр. Алда-жалда судан қауіп төнсе, шұғыл әрекетке көшеді. Тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылған.

Медет Сансызбаев, Кенжекөл ауылдық округінің әкімі:

- Болжам бойынша осы екі жұмада су келуі керек осы ауылға. Енді екі жылдай су келген жоқ өздеріңіз білесіздер. Бұл 2017-ші жылғы жылдармен салыстырғанда мөлшермен су келеді дейді. Оның жанында қазіргі уақытта біздің дамба берік және биіктетілді қосымша бір жарым метрге. Ауылға қауіп жоқ.

Кенжекөл ауылының жанындағы жайылымдарға қарай су өткізетін  алты көпір бар. Су өткелдері қоқыстан тазартылған. Алайда бұл құрылғылар ешбір  мекемеге бекітілмепі.

Қарлығаш Қасиетова, тілші:

- Гидротехникалық саладағы олқылықтар судың деңгейін реттеуге мүмкіндік бермейді. Мәселен, мына көпір қараусыз қалған. Өңірді құрғақшылық жайлаған соңғы үш жылда оның керегі де болмапты. Бірақ биыл Ертіс өзені арқылы Павлодарға судың көп мөлшері келеді - деп жоспарланып отыр. Яғни мына өзен қойнауына жайылатын судың бір бөлігі осы көпір арқылы өтеді.  Бірақ та, ол суды ұстап тұруға шлюздер жоқ.

Жалпы, Павлодар облысында су тасқыны  бойынша жағдай тұрақты. Төтенше жағдайлар департаментінің жанынан жедел штаб құрылған. Екінші кезең, Шығыс Қазақстан мен Абай облысынан келетін суға байланысты болады.

Айжас Сабыржан, облыстық ТЖД ресми өкілі:

- Барлығы 57 мың тоннадан астам инертті материалдар себілді, 5 мың данадан астам қапшықтар төселді, 13 мың данадан астам құм қапшықтар дайындалды және 23 мың метрден астам қосымша қорғаныс үйінділері салынды.

Қазір Ертіс өзеніндегі су деңгейіне тәулік бойы мониторинг жүргізілуде.   «ҚазГидрометтің» тұрақты бес гидробекеті жұмыс істеп тұр. Бұған қоса жекеменшік компанияның тағы 14 гидробекеті  уақытша орнатылды. Су тасқынының алдын алуға 64 бірлік техника, 153 адам жұмылдырылды.    

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Марат Игіліков, Дәулет Қошқарбаев