Ақтөбеде тасқыннан келген шығынды анықтау ісі жүріп жатыр

Ақтөбеде су тасқынынан келген шығынды анықтау үшін арнайы құрылған комиссия мен бағалаушы компаниялардың жұмысы қыза түсті.

Зардап шеккендердің өтініштерін қабылдап, талапқа сай қорытынды шығару ісін жеделдеткен. Баспаналардан өзге, қарғын судан бүлінген мүліктерді де жіті тексеріп, есепке алып жүр. Алдын ала мәлімет бойынша қалада 136 үй мен мыңнан астам саяжайды су басқан.

Айнұр Елғондинаның үйі әзір тұруға жарамсыз. Топан судан ылғалданып кеткен қабырғалары мен едені әлі кеппегендіктен, үш баласымен бірге эвакуацияланған жатақхананы паналап жүр. Ал 13 жыл бұрын тұрғызған 5 бөлмелі баспанасына осымен екінші рет су кірген. Алғашқыда, комиссия мүшелері бүлінген мүліктің шығынан толық өтепті. Енді осы жолы да қалыпқа келтіру ісіне қолдау болады деген үмітте.

Айнұр Елғондина, қала тұрғыны:

- 2017 жылы ақша берді, оценщиктер келді. онда да 4-5 ай жүрдік. Сол уақытта ғана ақша бөлініп, сабаққа әйтеуір үйтіп-бүйтіп балаларымызды жібердік. Комиссия келді, бірақ әлі 300 мың көршілерімнің бәрі алып болды, біздер әлі алған жоқпыз. Беретін шығар деп отырмыз. Енді өтемақы болса өтемақы, болмаса осы районды осылай көшірсе, арендовый үй болса да, біздер келісеміз.

Қала бойынша су алған үйлердің басым бөлігін арнайы комиссия мүшелері аралап шыққан. Қазір Алматы ауданында баспана мен мүлік шығынын толық анықтап, нақты бағасын шығаратын компания өкілдері жұмыс атқарып жатыр. Мұнда тасқынға байланысты 2837 отбасынан жергілікті әкімдікке шағым түскен. Басым бөлігі Елек, Сазды және Қарғалы өзендерінің жағасында орналасқан бау-бақша ұжымдарынан болып отыр. Ал бағалаушылар бүлінген заттың құнын нақты анықтау үшін жіті жұмыс атқаруда. Мәселен, су тиіп зақымданған кір машинаның өндірушісі, салмағы және нарықтағы құны есепке алынады. Үйге келген залал да толық белгіленбек.  

Ерғасыр Сегізбаев, техникалық зерттеу жөніндегі сарапшы:

- Бұл жерде біздер үйдің конструкцияларын қараймыз. Судан қаншалықты зақым келді? Іргетасынан, одан кейін қабырғасы, төбесі, сол секілді ішкі әрлеу жұмыстары, едендеріне дейін қаншалықты зақым келгенін қараймыз. Құрылыс норма және ережелеріне сәйкес біз расчет жасаймыз оған. Одан кейін барып, қортындымызда біз рекомендация береміз. Қандай жұмыс жасалу керек, сол жақтарын барлығын осы қортындымызда қамтимыз.

Қазір бағалаушылардың жұмысы қызған. Қарғын судан зардап шеккендер тарапынан түсіп жатқан өтініштердің көптігіне орай, әр саяжай ауданына барудың кестесі жасалып, әлеуметтік желіде таратылды. Ал қортындысы кейін тұрғындарға келтірілген залалды өтеу үшін бюджеттен қаржы бөлуге түрткі болмақ.

Ғалым Қобландин, Алматы ауданы әкімінің орынбасары:    

- Осы барлық жиналған құжаттарды біз жинап, алдағы уақытта бюджеттік комиссияға өтінім беру арқылы әрі қарай төлеу мәселесін шешетін боламыз. жалпы облыс әкімі мен қала әкімінің тапсырмасы бар. Бұл жұмыстардың барлығын осы мамыр айының аяғына дейін аяқтау.

Бұл жұмыс күнделікті жүріп жатыр. Ал тасқыннан зардап шеккендерге шығынды толық өтеуден өзге, бір жолғы төлем де беру қарастырылған. Оның жалпы көлемі қалада 300 мың теңге шамасында белгіленген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев