Өскеменде «100 күнде 10 мың шұңқыр» атты жоба басталды

Қала жолдарындағы шұрық-тесіктер тұрғындардан түскен өтініш арқылы іріктеліп, жөнделетін болады.

Осымен екінші жыл өткізіліп жатқан бұл акция тиімділігін көрсеткен. Өйткені жобаға қалалықтар тікелей атсалысып, нашар көшелерді өздері көрсетіп, оның сапалы жөнделуін де өздері бақылай алады. Дегенмен жұрт бұл іс-шара көлге тамған тамшыдай ған деп есептейді. Шаһардың көп аумағы сонда да қамтылмай қалады деп алаңдаулы.

Бұл Өскеменнің қақ ортасындағы Қасым Қайсенов көшесі. Көктемде су басып, соңынан ой-шұңқыры көбейеді. Феодор Долгов бұл жолмен жиі жүреді. Айтуынша шаһар жолдарында көлікпен жүру мүмкін емес. Сапасыз салынған жолда көлігіміз жиі бұзылады дейді.

Феодор Долгов, көлік жүргізушісі:

- Жол туралы айтатын нәрсе көп. Қазір қала ішінде көлікпен жүрмек түгілі жаяу жүрсең де сүрініп құлайсың.Күндіз кейбір ойықтарды айналып өтуге болар, ал кешке жақын түк көрінбейді,байқамасаң дөңгелексіз қаласың.

Дәл осындай тозығы жеткен жолдарды енді тұрғындар Телеграмм бот платформасы  арқылы әкімдік назарына ұсына алады. Ары қарайғы шешімді қабылдайтын да солар. Жұрт көп шағымданған бағыттардың бірі өндірістік аумақтағы мына айналма жол. Үсті толған ойық.

Бұл учаскеге 7 бірдей техника жұмылдырылыпты. Бригадир Қизат Көрпешовтың айтуынша,  екі аптаға жуық уақытта  жолдың 10 шақырымыннан астам бөлігіндегі ойық бітелді. Алайда жұмыс әлі шаш етектен. Өйткені жүк көліктері жиі жүретін асфальттің түтесі шығып, түгі қалмапты.

Қизат Көрпешов, бригадир:

- Шұңқыр өте көп, жиі кездеседі, 5-10 м,3 м  арасы, кейбір кезде, нашар болған кезде, бәрін кесіп алып, асфальт төсейміз жаңадан.

Жұмыстың сапасы  сарапшылардың да назарында. Өткен жылы қалада орташа жөндеуден өткен 21 учаске тексеріліп, асфальттің жұқалығы,судың сіңбеуі сынды кемшіліктер анықталған еді. Ал бітелген шұңқырды қалай тексерсең де ол ұзаққа шыдамайды дейді олар. Тек уақытша амалдауға ғана жетеді.

Айдос Қабылбаев, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» облыстық филиалының инженері:

- Жөндеу түрлер әр түрге бөлінеді, орташа жөндеу, қайта  жаңғырту, ағымдағы қалыпта ұстау,ағымдағы қалыпта ұстау оны қайта жамаумен ғана шектеледі одан  үлкен бір қатты сапа күту дұрыс емес, себебі  ойықты жамағанмен, жанындағы асфальт бетон келесі жылы бұлініп кетуі мүмкін.

Әкімдік осы жобаға халықты қатыстыру арқылы, нәтижелі жұмыс боларына сенімді.

Әлібек Тұрсымбетов, Өскемен қаласы ішкі саясат бөлімінің басшысы:

- Біз қосымша субподряд мекемлерді тарттық негізгі ұйымдардан басқа. Сондықтн бөлшек бөлшекке бөліп, қала тұрғындарынан келіп жатқан өтінімдер бойынша шұңқырлар жабылды. Биыл да жалғасын табады.

«100 күнде 10 мың шұңқыр» жобасы арқылы  былтыр 7 мыңға жуық ойық  бітеліпті. Ал биыл жарты айдың ішінде жолдардың үстіндегі 480 жер тегістелді.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов