Павлодарда 60 тонна гуманитарлық көмек жиналды

Павлодарлықтар Солтүстік Қазақстан облысына 60 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті, деп хабарлайды 24KZ.

20 тонналық 2 жүк көлігі облыс орталығынан аттанса, тағы біреуі Екібастұздан қосылады. Көмек қабылдау пунктеріне азық-түлік, ыдыс-аяқ, су өткізбейтін киімдер және басқа да қажетті құрал-жабдықтар жеткізіліп жатыр. Көлік логистикасымен  айналысатын ұйымдар жиналған заттарды жеткізуге ниет білдірген.

Жалпы Павлодар облысы су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге 150 тонна жүк жөнелтті.

Нұрболат Жайлаубаев, кәсіпкер:

- Осы жағдайға байланысты қазіргі елімізде су апаттары болып жатыр. Соған байланысты өзіміз де көмек көрсетейік деп тегін ұсынып отырмыз. Мың шақырымдай жүреміз. АЗС-тар бар, олар бізге шығып, жанармаймен бізді толық тегін қамтамасыз етіп, біз өз жағымыздан машина бердік, олар бізге жанармай тегін беріп жатыр.

Ризат Рахымжанов, жастар бастамаларын дамыту орталығының директоры:

- Бізді ол жақта гуманитарлық көмек қабылдайтын штабта жұмыс атқаратын волонтерлар күтіп алады. Көмекке мұқтаж тұрғындар өздері келіп, керек заттарын алады. Біздің жұмысымыз мұнымен шектелмейді. Гуманитарлық көмек жинауды ары қарай да жалғастырамыз. Себебі кей өңірлерде су тасқынына байланысты күрделі жағдай қалыптасып отыр.