Су ресурстарын тиімді пайдалану тетіктері

Табиғи апаттың ауқымы мен салдары ресурстарды дұрыс пайдалану және болашақта осындай жағдайлардың алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдауды талап етеді.

«Қазақстан-Еуроодақ» диалог платформасының 14-ші отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов осылай деді. Жиында Еуропалық Одақ елдерінің дипломатиялық өкілдіктері басшыларымен су ресурстарын басқару жайы талқыланды. Елде тіршілік нәрін тасымалдауда ысырап азайып, суармалы жерлердің жағдайын бақылау жүйесі жетілдіріледі. Сондай-ақ төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту үшін гидротехникалық нысандар жаңғыртылады. Үкімет басшысы су ресурстары мәселесі ауыл шаруашылығын дамытудың да тиімділігіне тікелей әсер ететінін атап өтті.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

- Еліміздегі қазіргі жағдайға байланысты су ресурстарын басқару мәселесі өзекті болып тұр. Табиғи апаттың ауқымы мен салдары бізден ресурстарды дұрыс пайдалану және болашақта осындай оқиғалардың алдын алу үшін түбегейлі жаңа тәсілдер қабылдауды талап етеді. Бұл мәселеде бізді Еуропа елдері мен компанияларының озық тәжірибелері мен әзірлемелері ерекше қызықтырады. Қазақстан Үкіметінің күш-жігерін Еуроодақтың қолдау бағдарламаларымен үйлестіру маңызды.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

- Биыл Тобыл, Жайық, Елек өзендерінің бассейндеріне су мол келгені байқалады. Су қоймалары толып, халықты ауызсумен қамту, ауыл шаруашылығы жерлерін суландыру және өндіріске қажетті ресурс жиналды. Президент тапсырмасына сәйкес, Су ресурстарын басқару жүйесін дамыту тұжырымдамасын пысықтап жатырмыз. Бұл бағытта алдыңғы қатарлы елдердің тәжірибесі зерттеледі. Еуропалық Одақтың, соның ішінде Нидерландтың су ресурстарын басқару және тасқын салдарын азайту тәсілдерін ескереміз.