Атырау облысында тасқынға қарсы жұмыстар қарқын алды

Атырау облысында тасқынға тосқын жұмыстары жалғасып жатыр.

Жайық бойын жағалай орналасқан 18 ауылдың ішіндегі су басу қаупі жоғары болып тұрған 4 ауылдық округке жүздеген техника мен адам күші жұмылдырылған. Әсіресе, өзенге таяу тұрған Алмалы, Береке ауылдарында бөгет тұрғызу жұмыстары күндіз-түні жалғасуда. Осы уақытқа дейін Алмалы округін қоршай жалпы ұзындығы 19 шақырымнан асатын бөгет салынды.

Алмалы ауылдық окргуінде 50-ден астам техника мен 1200 ерікті жаға бекіту жұмысына жегілген. Күні бүгін Алмалы ауылында 8,6, Береке ауылында 10 шақырымнан астам бөгет құрылысы аяқталып келеді. Облыстық штабтың шешімімен қала аумағындағы өзен жағалауы 107 секторға бөлінген болатын. Жаға бекіту жұмысына жергілікті мекеме-кәсіпорындармен бірге еліміздің өзге өңірлерінен келген техникалар тартылуда.

Азамат Әбдікәрімов, учаске басшысы:

- Әлеуметтік нысан Бұлбұл балабақшасы мен 2 тұрғын үйді қоршау жұмыстары жүріп жатыр. Биіктігі 4 метр, жалпақтығы 10 метрді құрайды. Тәулік бойы 2 компаниядан 40-50 адам шығып жұмыс істеп жатырмыз, Еріктілеріміз бар. әскери горнизоннан да келіп жатыр. Қарғандыдан және де Жамбыл облысы Отар қаласынан да келіп көмектесіп жатқан адамдар бар.

Алмалы ауылында жағаға жақын орналасқан үйлер мен әлеуметтік нысандар түгелдей бөгеттермен қоршалды. Бөгеттің ішкі беті құм толтырылған қаптар мен автокөлік дөңгелектерімен бекітіліп жатыр.

Гүлшат Аухадиева, Алмалы селолық округінің әкімі:

- Мына тұрған осы ауылды сумен қамтып отырған ВОЗ-водкачкамыз. Су келген жағдайда ауыл халқын сумен қамтамасыз етуге қазіргі жағдайда бар қолдан келген күшімізді ауыл халқы болып, мекемелер болып жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Жалпы 8,6 км соның қазір 200 метрдейі қалды. Бірақ та манағы екінші жүретін қабаттары бар.

Осындай жұмыс округке қарасты Береке ауылы мен 8 саяжайда да жалғасуда. Бүгінде 19 шақырымдық бөгеттің жұмысы аяқталып келеді. Жалпы, Атырау қаласы аумағында 120 шақырымдық бөгет-дамбы соғылып жатыр. Облыс бойынша тасқыннан қорғануға 7 мыңнан астам адам күші мен 1 мыңдай техника жұмылдырылған.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин