Су тасқыны: зардап шеккен солтүстікқазақстандықтарға көмек жетті

Петропавлға келген гуманитарлық көмекте есеп жоқ. Қалаға күніне ондаған жүк көлігі келеді.

Қарапайым халық жіберген заттар қалай және қайда таратылады?

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды 20-ға жуық эвакуациялық пункт қабылдайды. Қазір мыңға жуық адам жайғастырылды. Солардың бірі – Валентина Лисянская. Арнасынан асқан Есіл өзені үйін түгел шайып кеткен.

Валентина Лисянская, қала тұрғыны:

-Су келіп жатты, келіп жатты. Үйден жүгіріп шықтық. Киім-кешек, бәрі суға кетті. Содан бері осындамыз. Ас-суымыз дайын. Дәрі-дәрмекке дейін әкеліп береді.

Үйсіз қалған жандарға халықтың өзі демеу болды. Қазір Петропавлға еліміздің түкпір-түкпірінен гуманитарлық көмек келіп жатыр. Қабылдайтын 4 ресми орын жұмыс істейді.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

-Бұл жерде тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға керектінің бәрі бар. Азық-түлік, гигиеналық заттар, су, ұн, тіпті төсек-орын, киім-кешекке дейін. Енді осының бәрі қиын жағдайға түскен халыққа таратылатын болады.

Тұрмыстық заттар арнайы қоймаларда сақталып, керегінше таратылады. Бұл жұмысқа жүздеген ерікті жұмылдырылды. Олар қабылдау орындарында күн-түн демей қолқабыс етіп жүр. Өйткені елдің көмегінде шек жоқ.

Сәлімхан Сәбитов, ерікті:

-Қазіргі күнде көмек басқа елдерден де келіп жатыр. Солардың барлықтарына біз өте ризамыз. Қазіргі күні біз жалпы сомасын айта алмаймыз. Себебі қазір көмек өте көп келе жатыр.

Қазір облыс бойынша 14 мыңға жуық адам эвакуациялық пунктерде тұрып жатыр. Судың қашан тартылып, жердің құрғайтынын ешкім де айта алмайды. Есіл өзені қала маңында бірнеше шақырымға жайылған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков