Қарағандылық орманшылар құстарға қамқорлық көрсетуде

Қарағандылық орманшылар ағаштарға құс ұясы мен жемсауыт іліп жылы жақтан оралатын қанаттыларға қамқорлық жасап жатыр.

«Құстың да орманға пайдасы зор», - дейді мамандар.

Шөменовтар отбасы Қарағанды маңындағы орман шаруашылығында тұрады. Қанат пен Раушан 250 гектар орманды алқапты 20 жылдан бері қызғыштай қорып келеді. Мұндағы әр түп ағаш пен ұшқан құсқа ерекше қамқорлықпен қарайды. Орманнан 3-4 шақырым жерде бірнеше елдімекен орналасқан. Сондықтан, адамнан да, тілсіз жаудан да қауіп бар. Тіпті қасақана өрт қойған жағдай да болыпты

Раушан Шөменова, орман қорғау инспекторы:

- 13 жерден өрт қойды, көрдік. Мына алтыншы квартал дейді демалатын жер, соның ортасымен бойлай 6 жерден, сосын арғы бетте жолдасымның территориясы ғой сол жаққа 7 жерден от қойған. Сонда барлығы 13 жерден жаққан.

Орманшылар үшін көктемгі қауырт жұмыстың бірі - құс ұясын жасау. Қанат оның әрқайсын жасауға кемі 2 сағат уақытын жұмсайды. «Биыл да ағаштарға ұя мен жемсауыт ілді. Жыл өткен сайын мұнда құс көбейіп келеді. Бұрын-соңды орман зиянкестерін жою үшін ағаштарды улайтын. Ол құстарға да зиян»,-дейді табиғат жанашр.

Қанат Шөменов, орман қорғау инспекторы:

- Құстардың саны азайып кетті. Сондықтан біз кейінгі кезде қолға алдық, құстардың ұяларын жасаймыз. Ұя жасап қана қоймаймыз, жанына ағаштар отырғызамыз. Жеміс ағаштарын. Себебі бұл маңға құстар келу керек. Мұнда ағаштың нағыз санитары тоқылдақғ торғай, қара торғай, шымшықтар мекен етеді. Бұлбұл бар кейбір жерлерде.

Қарағанды орман және жануарларды қорғау мекемесіне қарасты 5 шаруашылық бар. Жалпы аумағы 27 мың гектар жерді 100-ге жуық инспектор күзетеді. 

Темірлан Елубаев, «Қарағанды орман және жануарларды қорғау» КММ инженері:

- Біздің мекемемізде 5 орманшылығымыз бар. Орманшылар 100-ден астам құс ұяларын орнатады. Құстар жаман құрттарды тазалайды, орманның санитары ғой.

Бүгінде Қарағанды орман шаруашылығының 11 мың гектар жері ағашпен көмкерілген. Жыл сайын сайын кемі 300 гектар көшет егіліп, құс ұясы ілінеді.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпықар