Артық білім – кітапта

Мемлекет басшысы Атыраудағы Ұлттық құрылтайда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналудың маңызын атап өткен.

Осы ретте Абай облысы оқырмандар саны бойынша өзгелерге үлгі. Былтыр өңір кітіпханаларына үш жарым миллионға жуық адам бас сұққан. Облыс бойынша 137 кітапхана болса, 122-сі ауылдық жерде орналасқан. Өңірдің кітап қоры екі милионнан асады.

Бұл 140 жылдық тарихы бар Абай атындағы облыстық әмбебап кітапхана. Кітап қоры 380 мыңнан асады. Мұндағы қызметкерлер оқырман тартудың түрлі тәсілін қолданады. Соның бірі – Алаш электронды кітапханасы.

Жанар Шүшекова, Абай атындағы облыстық әмбебап кітапханасының қызметкері: 

- Алаш электронды кітапханасыда біздің барлық Алаш қайраткерлерінің, Алашорда үкіметінің төрағасы, олардың отбасы жайында, олардың істеген қоғамдық қызметі жайында және де олардың еңбектері жайында барлық толық ақпаратты алуға болады. Біздің Қазақстанның кез-келген түкпірінде отырған оқырман осы кітапханадан өзіне қажетті ақпараттарды, материалдарды алып отыр.

Соңғы жылдары елімізде кітапхана ісіне көптеп көңіл бөліне бастады. Ақылына ақы сұрамайтын асыл қазынаны серік еткен жастардың да қатары да артқан.   

Тоғжан Керебаева, студент:

- Мен кітапханаға 9 жасымнан бері келемін. Басында көбінесе мен ертегілерді оқыдым.Кішкентай ғана кітапщаларды, қысқа-қысқа романдарды оқыған болатынмын. Кейін мен өзіміздің Абай Құнанбайұлын, Абай жолы сияқты романдарымызға деген қызығушылығым ояна түсті.

Дәулет Сметов, оқырман:

- Қасаң тіл, шұбырған сөйлем соның бәрі мына қазіргі гаджет балаларды соған тәрбиелеп жатыр. Смартфонның заманы дейміз. Жылдамдық болғанымен онда бұрынғы мәйек, бұрынғы құнар, бұрынғы көркемдік, бұрынғы тереңдік жоқ.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы кітап оқырманға қолжетімді болуы керек екенін айтты. Елімізде тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапхана салу туралы бастама көтерді. Бұл ретте өңірде бірқатар жоба жүзеге асып келеді.

Анар Қуанғалиева, мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының бөлім басшысы:

- «Абай жолы» кітапхана жобасы жүзеге асырылуда. Бұл біздің өңірімізден шыққан ақын-жазушыларымыздың кітаптарын өскелең ұрпаққа тыныстыру, жаңғырту деп айтсақ болады. Бұл жоба 2003-2027 жылдарға жоспарланған. 2024 жылдың қаңтар айында 16 автордың кітабы шықты.

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы «Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады» деді. Кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарамауды да қаперге салды. Ұлттық кітап күнін атап өту туралы бастамаға да қолдау білдірді. Абай облысында 30 жыл бұрын 600-дің үстінде кітапхана болса, қазір 137-сі ғана жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Ерзат Жанатұлы, Медет Өмірханов