Қызылағаш су қоймасы сыналды

Қызылағаш су қоймасы сынақтан өткізілді.

Гидротехникалық құрылым суға толтырылып, толық қуатына көшірілді.

Бұл бөгет 2010 жылы суға шыдас бермей, апат туындаған еді. Сол кезде 45 адамның өмірі қиылған. Араға он жыл салып, яғни 2020 жылы қайта тұрғызылған нысан енді ауыл шаруашылық мақсатында пайдаланыла бастады.

Шыңғыс Қалиден, тілші:

- Қызылағаш су қоймасы 2020 жылы қалпына келтірілді. Содан бері су қоры кезең кезеңмен көбейтіліп, биыл 42 млн текше метрден асатын тіршілік нәрі жиналды. Сол арқылы бөгеттің беріктігі, орнатылған қауіпсіздік құрылғылары тексерілді.   

Тоспаны тұрғызуға 1,5 млн текше метр тас төгілген. Екі жағына ылғалды анықтайтын өзге де көрсеткіштер туралы мәлімет беретін 19 құрылғы орнатылған. Оның барлығы диспечерлік орталықтан бақыланады.  

Рауан Сәбитов, гидротехник-инженер:

- Су қоймасы тәулік бойы бақылауда. 24 сағат. Сменмен отырамыз.

Судың температурасынан бастап қанша су кіріп жатыр шығып жатыр, барлығын бақылап отырамыз. 

Рахымжан Разбаев еңбек өтілі 45 жылға жуықтаған кәсіби инженер. Қызылағаш су қоймасының бастығы нысанды қалпына келтіру жұмыстарына да қатысқан. Ол «тосын жағдайда тоспадан секундына 500 текше метр су жіберуге болады»,- дейді. Сынақтың да ойдағыдай өткенін айтып отыр.

Рахымжан Разбаев, Қызылағаш су қоймасының бастығы:

- Бұл өзі Қазақстанда бірінші рет салынып тұрған осындай объект. Бұрыңғысы топырақтан салынған. Қазіргісі таспен топырақ араласқан. Астында земельный перегородка бар бетонный. Екі жақ берег усиленный ядросы бар. Сондықтан бұның қауіпсіздігі мықты ғой. 

Қызылағаш су қоймасы қалпына келтірілгенімен етектегі егістік алқап толық игерілмей отыр. Себебі суару жүйелерді ауыстыру жұмыстары былтыр басталып әлі аяқталған жоқ. Құрылыс біткенде аудандағы суармалы жер көлемі ұлғая түспек. 

Ғазиз Есжанов, Ақсу ауданы әкімінің орынбасары:

- Қызылағаш платинасына егер жаңадан 5 мың гектардай суармалы жер болады. егер ол іске қосылса, тағы да проектіміз бар. Бүйен плотинасы салынса 5300 га суғармалы жерлер жаңартылады. Барлығы сонда 10 мың гектар қосымша суғарылатын болады. Сонда 38 мың гектар суармалы жер іске қосылады. 

Жетісу облысының аумағында 54 гидротехникалық құрылым орналасқан. Өңірде тағы жеті су қоймасын салу үшін жобалық сметалық құжат әзірленіп жатыр. 

Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов