БҚО-дағы су басқан ауылдарда 3 көпір салынады

Тасқын судың салдарынан Батыс Қазақстан облысында 21 елді мекен қатынассыз қалды.

Қазір соның 20-да көлік байланысы қалпына келтірілді. Ал Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылына апарар жол мамырдың біріне дейін жөнделмек. Жалпы еріген қар суы жергілікті маңыздағы 26 жолды бұзып кеткен. Осыған байланысты 72 учаскеде су өткізу құбырларын салып, кеңейту көзделген. Ал Жымпиты-Қаратөбе жолының 102 шақырымында Қалдығайты өзеніне және Қоржын мен Ақтау ауылдарында көпір салу жоспарланып отыр.

Бауыржан Айтмағамбетов, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:

- Жыл сайын су шайып кететін дамба бар жолдың үстінен. Сол жерге қазір жоба-сметалық құжаттармен айналысатын мекемелер келіп санап жатыр. Және Қаратөбе ауданының Қоржын ауылына кіреберісте Жақсыбай өзенінен өтетін жолға жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар Шыңғырлау ауданы Ақтау ауылына кіре беріс жолын қалпына келтіру бойынша көпір құрылысын қарастыратын боламыз.