Бишімбаев ісі: Көріпкел не дейді?

Бишімбаевтың ісіне қатысты кезекті сот отырысында көріпкелден жауап алынды.

Картамен бал ашып, табыс тапқан азаматшаға күдікті Нүкенова қайтыс болған күні, яғни 9-шы қарашада хабарласқан. Екеуара әңгімеде не айтылды?

Назерке Тоқжан, тілші:

- Бүгінгі сот отырысына көптен күткен көріпкел келді. Куәгер бірден бәзбіреулерден қысып көріп жүргенін айтып, судьядан жабық есік жағдайында жауап алуды сұрады. Оның бұл өтінішін судья ішінара қанағаттандырды. Аты-жөні мен жеке бас мәліметтері, соның ішінде бет-жүзін Бұқаралық ақпарат құралдарына көрсетпеуді ескертті.

Онлайн байланыс арқылы куәлік еткен көріпкел Шымкент қаласынан. Айтуынша, айыпталушының анасымен 2 жыл, ал Бишімбаевтың өзімен 1 жарым жылдай таныс. Экс министр бұған дейін талай мәрте бизнеске қатысты кеңес алып, көмегіне жүгінген. Ал қайғылы оқиға болған күні, яғни қарашаның тоғызында түс кезінде Бишімбаев аяқасты қоңырау шалыпты. Бұрынғы министр оған әйелімен ішімдік ішіп, көңіл көтергеннен соң төбелесіп қалғанын айтқан. Көріпкел бұл жолы Қуандық әдеттегідей емес, мас болды дейді.

Нүкенова қайтыс болған күні Бишімбаев көріпкелге бірнеше мәрте хабарласқан. Оны айыпталушының ұялы телефонындағы кіріс-шығыс қоңыраулары мен хат алмасулар айғақтайды. Бұл шамамен күндізгі 2 мен кешкі 8-ге дейін жалғасқан. Судья көріпкелден Бишімбаев әр қоңырауында не жайында айтқанын тәптіштеп сұрап шықты. Алайда куәлік етушінің жауабы қысқа әрі бір-біріне ұқсас.

Көріпкел Бишімбаевқа әу бастан жедел жәрдем шақыр деп айттым деп отыр. Қайта-қайта хабарласып мазасын алған соң күдіктінің анасына телефон шалып, бір жамандықты іші сезгенін айтқан. Бірақ айыпталушы тарап, екінші күдікті Бақытжан Байжанов көріпкелдің сөзі шындыққа жанаспайды деп шағынды.

Фрагмент: Бақытжан Байжанов, күдікті:

- Мен қазір осы жерде айтылғандардың бәрін тыңдап тұрмын, түсінгенім: алғашқы қоңырау шалу уақыты сағат түскі 2-нің шамасында болған. Ол кезде мен оқиға орнында болмадым. Үштен 51 минут кеткенде мен Қуандықтың жанында болдым, ол жерде не болғанын білем. Көріпкел өтірік айтып тұр. "Дәрігер шақыр, жедел жәрдем шақыр" деп айтқан емес. Ол әр кез Салтанат тынықсын, миы шаршаған, біраздан соң оянады сосын үйге барасыңдар деді. ))

Жауаптары бір-бірімен қабыспаған тараптардың сөз ырғасуы түске дейін созылды. Әркімнің өз шындығы бар, десек те ақ-қарасын анықтау тек сот мойнында.

Лейла Рамазанова, Қ.Бишімбаевтың адвокаты:

- Мен Қуандық Бишімбаев қасақана әрі аса қатыгездікпен адам өлтірді деген айыппен келіспейпін. Сот материалдарынан көріп, біліп отырсыздар. Тек жасаған ісі үшін ғана жаза арқалауы керек.

Бүгінгі сот отырысында тағы бір тұлғадан жауап алынды. Алматыдағы үй қызметшісі Нүкенова мен Бишімбаевтың ара-қатынасы жайлы бар білгенін айтты. Алайда сотқа қатысқандардың үміті басқа болатын. Олар дәл сол қылмыс жасалған күні елордада Қуандықтың үй қызметшісі болып істеген кісіні күткен.

Авторлары: Назерке Тоқжан, Рыстанбек Оспанов