Медиа саласындағы ынтымақтастық

Халықаралық Al Jazeera телекомпаниясы қазақстандық медиа мамандармен ынтымақтастықты арттыруға мүдделі.

Бұл жайлы 150-ден астам елде хабар тарататын медиа компанияның бас директоры Мостефа Соуаг мәлімдеді. Астанада өтіп жатқан «Al Jazeera апталығы» шарасында дәріс оқыған маман шағын телеарнаның әлемдік медиа алпауытқа айналу жолынан сыр шертті. Апта бойы журналистер мен студенттер «Әскери қақтығыс пен табиғи апат жағдайында хабар тарату» және «Дата журналистика» бойынша шеберлік сабақтарына қатысып, тәжірибе алмасып жатыр.

Мостефа Суаг, Al Jazeera бас директоры:

- Біз де студенттерден, оқытушылардан Дохада көріп білмеген дүниелерімізді үйреніп жатырмыз. Сондай-ақ, осы ынтымақтастығымызды бұдан да үлкен әріптестікке айналдыра алатынымызға сенімдімін. Мысалы, алда Қазақстандағы оқиғалар жайлы материалдар жасап, Қазақстан туралы фильмдер түсіруге болады. Оған қоса, Дохадағы Al Jazeera институтына не жаңалықтар бөліміне сіздердің медиа мамандарыңыз келіп тәжірибе алмасып,  біліктілігін арттыра алады.

Нұрсара Белісбаева, студент:

- Меніңше, бұл - біз үшін, яғни халықаралық журналистика мектебінің студенттері үшін үлкен мүмкіндік болып табылады. Біз топтарға бөлініп, түрлі курстарды меңгеріп жүрміз. Al Jazeera редакторлары қолданатын веб-сайт конструкторларды, одан кейін оқырманның назарын қалай аудару әдістерін, мәтінді қалай пішімдеу керектігін түсіндіріп жатыр. Және осы стори теллинг тренингі бұл пәннен қорытынды емтиханды жазуда қатты көмектеседі деген ойдамын.