«Таза Қазақстан» экологиялық науқаны жалғасып жатыр

11-ші сәуірде басталған республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық науқаны жалғасып жатыр.

Бүгін игі шараға Астана қалалық Экология департаменті де өз үлесін қосты. Мамандар  Байқоңыр ауданынан 100 тоннадан астам қоқыс шығарды.

Байқоңыр ауданындағы экологиялық акцияға мамандар жұмыла кірісті. Олар қоқыс жинап, айналаны ретке келтірді. Техника да жеткілікті.

Азамат Жанетов, мердігер компанияның өкілі:

- Байқоңыр ауданында 3 нүкте бар. Ең үлкені осы міне ТЭЦ аумағында. Осы жерді бітіріп қалған нүктелерді барып шығарамыз. 9 техника жүр, 1 погрузчик.

Рұқсат етілмеген орындарға қоқыс қалдықтарын тастаған азаматтарға жауапкершілік барын ұмытпаған абзал. Жеке тұлғаларға 20, кәсіпкерлік ұйымдарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Мәселен жыл басынан бері полиция департаменті 11 мыңнан астам құқықбұзушылық фактісін анықтап, азаматтарды әкімшілік жауапқа тартқан.

Жанболат Қайранбеков, қалалық Экология департаментінің бас инспекторы:

- Қазіргі уақытта заңсыз төгілген қоқыстарды анықтау бойынша полиция қызметкерлері азаматты ұстаған уақытта әкімшілік кодекстің 505 бабы бойынша бірінші рет ұсталған азаматқа ескерту ғана беріледі. Екінші ұсталған уақытта айыппұл салынады. Енді қазір жергілікті атқарушы орган бапты өзгерту бойынша бірінші рет ұсталған азаматқа бірден айыппұл салуды ұсынып отыр.

Былтыр қоқыс жиналған аумақтарды уақытында тазаламағаны үшін Есіл мен Нұра аудандарының әкімдік қызметкерлері жауапкершілікке тартылды. Биыл барлық жауапты орган олқылықтың орнын толтыруға білек сыбана кірісті. «Таза Қазақстан» экологиялық науқанына бірауыздан қатысқан олар, қаланың таза әрі көрікті болуы өз қолымызда деп отыр.

Авторлары: Альмира Оразбай, Ырыстанбек Оспанов