Батыс Қазақстан облысында әлдеқашан пайдалануға берілуге тиіс күре жолдардың құрылысы әлі біткен жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24». Тек Президенттің қатаң сынынан кейін ғана жұмыс қарқыны ширай түскен. «Қазталов – Жәнібек – Ресей шекарасы» және «Өнеге – Бисен – Сайхын» арасындағы трассалар енді тек келер жылдың күзінде ашылады. Бұл күре жолдар облыс орталығын оңтүстік-батыс аудандармен және Ресеймен байланыстырады. Мұнда 3 мердігер жұмыс істеп жатыр. Қазталов ауылынан шекараға дейінгі трассаның ұзындығы 165 шақырым. Күні бүгінге жолдың 65 шақырымы ғана асфальтталып, пайдалануға берілген. Николай Кондопуло, құрылыс компаниясы бас директорының орынбасары: – Материалдар жеткізілген бойда төсеп тастап жатырмыз. Егер осы қарқын сақталса, құрылысты уақытында бітіреміз деп ойлаймын. Тамыз айының өзінде 6 шақырым жолды асфальттауымыз керек. Жыл соңына дейін 18 шақырымды бітіру жоспарланған. Ал «Өнеге – Бисен – Сайхын» бағытындағы жолдың ұзындығы 103 шақырым болса, соның 35%-інде жұмыс бітіп тұр. Ұлттық компания өкілі жылдың аяғына дейін қос трассаның тағы 50 шақырымын асфальтау жоспарланғанын айтты. Ұзақ уақыттан бері жол азабын тартып келген тұрғындар құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүр. Бекбол Кенжеғалиев, Нұрсай ауылының тұрғыны: – Болмаған бұрын-соңды жол. Көктемде мына жерде машиналар жатады. Енді ауыл болғасын жолдың жанындағы, қазақпыз, бірімізді-біріміз алып келеміз, қондырамыз. Сәбилер болады ішінде. Жәнібектен бастағанда 5-6 сағат жүретін едік бұрын, 12 сағатқа дейін жүртінбіз. Қазір 3-4 сағаттың жүзінде уже Орал қаласына барамыз. Жақсы жұмыс жүріп жатыр. Жол бойында қызу жұмыс жалғасуда. Тек екінші учаске ғана қаңырап бос жатыр. Өйткені мердігердің жауапсыздығы салдарынан арадағы келісімшарт бұзылған. Ал жаңа компания әлі анықталмапты. Қазбек Мәмбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры: – Келесі учаске, 53-95 км аралығында мердігермен былтыр келісімшарт бұзылып, тендер биыл қайтадан ойнатылып, қазір бір себептерге байланысты қайта-қайта тендер уже үшінші рет ойнатылып жатыр. 28 шілдеде тендер бітті. Қазір конкурстық процедуралар жүргізіліп, тамыз айында мердігер анықталады деп ойлаймын. Аймаққа әу бастан жол құрылысы материалдарын тасымалдау қиындық тудырады. Республикалық жобаны жүзеге асыруда да осы келеңсіздік байқалып жатыр. Қазбек Мәмбетов, «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ БҚО филиалының директоры: – Бізге 7,5 мыңға жуық вагондар керек материалдарға. Ол қиыршықтас көбінесе. Ақтөбеден алып келетін болсақ, 1300 шақырымнан жеткізеді осы жаққа және РФ-мен өтеді. Сондықтан да бір вагонның келуі 10 күн әлде 2 аптаға шамамен алып келеді. Бүгінгі күнге 3 мыңға жуық вагон келді. Материалдар шамамен 45-45% жеткізілді. Биыл құрылысқа 15 млрд теңге бағытталыпты. Соның 6 млр-ы игерілген. Күре жолдар келер жылдың күзінде толық тапсырылуы тиіс. Ұлттық компания жұмысты жеделдету үшін қосымша қаражат тарту көзделгенін мәлімдеді. Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Болат Жарылғасов, Елдар Аюпов