10 маусым күні «АрселорМиттал Теміртау» комбинатында болған апатқа жұмыс беруші кінәлі. Бұл туралы қайғылы оқиғаның себебін тексерген мемлекеттік комиссия мүшелері мәлімдеді, деп хабарлайды «Хабар 24». Олардың айтуынша, бригаданың қауіпті жұмысты атқаруға техникалық паспорты болмаған. Жұмысшыларға тиісті нұсқаулық берілмеген. Ең сорақысы, қайғылы оқиға болған жерге жұмысшалардың кіруіне тыйым салынған екен. Себебі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілдері экономикалық сот арқылы цех жұмысын әлдеқашан тоқтатқан болып шықты. Осыған қарамастан бес адам пешті бұзуға кіріскен. Төрт жұмысшы ауыр плиталар астында қалып көз жұмды. Осы оқиғадан кейін 32 адам тергелген, оның он төрті күдіктілер қатарында. Ирина Любарская, еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: - Тоғызыншы пешті демонтаждау бойынша қауіпсіздік шаралары қатаң сақталмаған. Оның аумағы мен ғимараттың өзінің қауіпсіздігі көңіл көншітпейтін жағдайда болған. Осының барлығын тексере келе, мемлекеттік комиссия жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деген шешімге келді. Комиссия сондай-ақ осы іске жауапты болған тұлғалардың барлығын анықтады. Тексеру қортындысы бойынша акт қабылданып, заңға сай оның көшірмесі полицияға жіберілетін болады.