Түркістан облысындағы Төңкеріс ауылының тұрғындары сапалы медициналық қызметке мұқтаж. Соның салдарынан халық қажетті ем-дом алу үшін орталыққа сабылып жүр. Жергілікті әкімдік медициналық амбулаторияның құрылысын 2018 жылы жоспарлаған. Бірақ бес жылдан бері емхананың салынатынына сенімнен гөрі, күмән көп,-дейді тұрғындар. Ауыл тұрғыны Қынашгүл Дәуренбекова он жылдан бері дәрігерлердің арнайы есебінде тұрады. Қан қысымы жоғары болғандықтан күнделікті дәрі-дәрмек ішуге мәжбүр. «Ал сырқаты алқымнан алса жәдел жәрдем шақыртып, орталық ауруханаға барудан басқа амал жоқ»,-дейді. Өйткені үй іргесіндегі медициналық пункт мамандары қажетті ем-дом көрсете алмайды. Қынашгүл Дәуренбекова, Төңкеріс ауылының тұрғыны: - 10 жылдай болды давлениямен есепте тұратыныма. Күндізгі стационар дей ма!? Доктор дей ма жоқ бізде. Анау орталыққа барамыз. Неше жылдай сол центр дейді сонда барамыз. Өзімізде ешқандай емхана жоқ. Төңкерісте емхана атын иемденген аядай бір бөлмелі медициналық пукт бар. Ондағы екі қызметкердің бірі медбике болса, екіншісі еден жуушы. Сондықтан мұндағы мамандар науқастың қан қысымын өлшеп, орталық ауруханаға жолдама берумен шектеледі. Есенбек Дүйсебеков, Төңкеріс ауылының тұрғыны: - Ілгеріде жер болмады. Кейін жер таптық 40 соток. Толық медициналық пункт болуға болады. Ал енді қаражат жоқ,-дейді. 9 жылдан бері әр үш жылда проект жаңартып келе жатыр. Жергілікті мамандар күндізгі стационары бар отбасылық амбулатория салатын жер телімін белгіліп, мемлекеттік АКТ жасалғанын айтады. Тіпті сәулеттік жобалау құжаты да әзір. Бірақ жылдар бойы нысан құрылысына қаржы бөлінбей, қолбайлау болып тұр екен. Абай Әшіров, Жартытөбе ауылдық округінің әкімі: - Дәрігерлік емханаға 40 соттық жер ажыратылып берілген. Бүгінгі таңда шешімін шығарып, мемлекеттік АКТ алынып қойған. АПЗ құжаттарын да дайындап қойғанбыз. Өздеріңізге мәлім қазір денсаулық саласы облыстық басқармаға бағынысты болғандықтан ПСД құжаттарына сол жақтан қаржы бөлінетін болып тұр. Мемлекеттік сараптама шықса, құрылысқа ақша берілетін болса, салынады. Түркістан облысында дәл осындай 14 ауылда медициналық мекеме атымен жоқ. Дәрігерсіз күн кешкен елді мекендердің көбі Қазығұрт пен Сарыағаш аудандарында. Райымбек Тасырбаев, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау басқарма басшысы орынбасарының м.а: - Жоспарға сәйкес 14 медициналық мекеме, оның ішінде 4 дәрігерлік амбулатория, 8 фельдшерлік – акушерлік бекет, 2 медициналық пункт салынады. Қазіргі таңда сол медициналық нысандар түсетін жер телімдері бөлінді. Құрылыс басталады. Биыл сол 14 нысанның да құрылысын бастау жоспарланып отыр. Олардың дені осы жылы пайдалануға беріледі. Ал жобалау құжатында көрсетілген ірі нысандар құрылысы келер жылы аяқталады. Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов