Халықаралық көрмеге қатысатын елдердің мәдениетін жетік меңгеру, алғашқы медициналық көмек пен түрлі жағдайлардан шығудың жолдары. Елордада EXPO-2017 көрмесіне қатысатын еріктілерді оқыту басталып кетті. Тренингке қатысушылар үш аптадан бері түрлі тақырыпта білімдерін жетілдіріп жатыр. Маңызы зор шараға шамамен 4500-ден астам ерікті тартылмақ. Қазіргі таңда олардың 3 мыңдайы іріктеуден өтті. Айта кеткен жөн, халықаралық шараға ерікті ретінде қатысқысы келген кез-келген адам қыркүйектің соңына дейін көрме сайтында өтінім бере алады. Басты талап қазақ, орыс, ағылшын тілінде еркін сөйлей білу және кәмелеттік жасқа толған болуы шарт. Әділбек Хамиев, Назарбаев Университетінің 3-курс студенті: - Курстың басталғанына үш апта болды. Сол үш апта біз сабақтан тыс уақытта келіп дайындалып жатырмыз. Көшбасшылық керек. өзіңді ұстау,бір командада жұмыс істей білу, байсалдылық қабілеттері керек. Әсел Әбділдина, «Астана ЭКСПО-2017 ҰК» АҚ департамент директорының орынбасары: - Қазір астаналық еріктілерді арнайы оқытып жатырмыз. Алдағы уақытта еліміздің әр өңірінде осындай курстар ұйымдастырылмақ. Өйткені 1500 ерікті әр облыстардан алынады деп жоспарланып отыр. Әзірге 5 оқытушы бар. Көрме жақындаған сайын олардың саны артады.