Биыл Ақтөбе облысына 200 мыңнан астам турист келеді деген болжам бар. Өңірде науқанға дайындық басталып кетті. Әсіресе көпшіліктің көзайымына айналған Ақтолағай бор таулары мен Қасқыр сарқырамасы, Аққұм және Барқын құмдары, Орқаш орманы мен Мылқау ауылына ат шалдыратындар көп. Былтыр аймаққа 180 мың турист келген. Соның 31 мыңнан астамы шетел азаматтары. Бұл көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейден 25 процентке артып отыр. Ішкі туризмді дамытуға бағытталған жобалар да баршылық. Бұған дейін оқушыларға арналған табиғат аясындағы сабақтарға екі мың жарымға жуық бала қатысты. Бұл үрдіс биыл да жалғасын табады. Нұрхан Тілеумұратов, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы: - Әрбір аудан бойынша туристтік карта әзірледік. Әрбір ауданда өз тартымдылығын көрсететін табиғи және тарихи жерлеріміз бар. "Қарғалыфест" үш күндік іс-шара өткіземіз. Сонымен қатар туроператорлар үшін жергілікті, шетелдік туроператорлар үшін ақпараттық тур ұйымдастырамыз. Өңірдің туристтік әлеуетін көрсетеміз. Жалпы өңірдің туристтік әлеуетін таныстыру мақсатында біз қосымша басқа қалаларға да Роудшоу жобасы арқылы шығамыз.