Жалаңашкөлді қорғауымыз керек. Бұл – Қытаймен шектесетін шекара түбіндегі айдын. Мәселе қолға алынбаса, шипалы су ластанып экологиялық апат болуы мүмкін деп алаңдауда жергілікті тұрғындар. Қазірдің өзінде көл жиегін қоқыс басып, ал балшығын жұрт тасып әкетіп жатыр. Жағалауды жүк көліктері де жол қылып алған. Көлік ағыны тоқтамайтын қара жол Шығыс Қазақстан мен Алматы облысын жалғайды. Көрші елден тоқтаусыз тауар тасымалдайтын ауыр техникалар Жалаңашкөлді жағалай жүреді. Жүргізушілер орта жолда суға түсіп бой жазады. Одан бөлек туристер де көптеп келеді. Өйткені суды шипалы, балшығын денсаулыққа пайдалы деп біледі. Жарқынай Мағлұмова ШҚО-ға қарасты Жалаңашкөл станциясында тұрады. Оның айтуынша, шомылу маусымы басталысымен бұл жерде кісі қарасы үзілмейді екен. Тынығушылар демалып қана қоймай, қайтарында балшықты салып әкететін көрінеді. Жарқынай Мағлұмова, облыстық Жалаңашкөл станциясының тұрғыны: – Қазір суды кешесің, он метрдей жүріп барған соң ғана балшық бар. Бұрын жақын еді. Сосын мына жерде балшық үлкен болып жататын. Балшық жоқ болып бара жатыр. Енді бір өкініштісі, бұл жердегі адамдар қоқсықтарын жинамай кетеді. Тұрмыстық қалдықтарды жергілікті тұрғындар жинап, экологиялық апаттың алдын алып жүр. Бірақ олар көл жағалауын тұтастай тазалай алмайды. Өзекті мәселені Алматы облыстық экология департаментіне жеткіздік. Серік Сарыбасов, облыстық Экология департаменті басшысының орынбасары: – Жалаңашкөл бойынша сіздер тарапынан мәлімет келіп отыр. Департамент тарапынан мамандар жолданатын болады. Территорияны байқап қарайды. Қазіргі жағдайын қарайды. Ол бойынша тиісті шаралар қабылданып, жергілікті атқарушы органдарға тиісті тапсырмалар беріледі. Қанат Дәуренбеков, облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары: – Су қорғау аймағы болғандықтан оның ластанбауын «Балқаш Алакөл» бассейндік инспекциясы мен экология департаменті бақылау жүргізіледі. Жалаңашкөл жайлы ел арасында аңыз көп. Соның бірінде жоңғар басқыншыларына қарсы соғысқан қазақтың қалың қолы осы көлге келіп емделген деседі. Судың адам ағзасына пайдасы барын зерттеу жұмыстарын жүргізген ғалымдар да дәлелдеді. Еркін Тоқпанов, география ғылымының кандидаты: – 2008-2009 жылдары жүргізілген зертханалық талдау нәтижелері бойынша құрамында натрий, хлор, темір, магний тағы басқа адам ағзасына пайдалы элементтері көп. Сондықтан да оның суын Алакөл сияқты емдік мақсатта пайдалануға болады. Жалаңашкөл «Алакөл» қорығының құрамына кіреді. Сегіз жыл бұрын ол Юнесконың бүкіләлемдік биосфералар аймағы жүйесіне енгізілген. Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев