Солтүстік Қазақстан облыстық полициясында үш ағайынды еңбек етеді. Бір қызығы, Аяғановтар әулетінің келіндері де осы саланы таңдаған офицерлер. Ал отбасының кенжесі Асылбек Аяғанов биыл өңірдің ең үздік жедел уәкілі атанды. Асылбек Аяғанов тәуелсіздіктің құрдасы. Ішкі істер саласында қызмет кетіп жүргеніне 10 жыл болған. Қазір ол көбіне мүліктік құқық бұзушылықтарды тергеумен айналысады. Биыл бір өзі 30 қылмыстың бетін ашқан. Солардың бірі пәтер ұрлығы. Көп уақыт қарақшылықпен айналысқандар ұсталып, қамауға алынды. Екі күдікті бұрын сотталған, әрі есірткіге тәуелді болып шықты. Асылбек Аяғанов, облыстық ПД Криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі: - Сезіктілер негізінен элиталық баспаналарды таңдап, тонап келген. Яғни үйден қымбат алтын бұйымдар мен ақшаны қолды қылып отырған. Біз ұрыларды бейнебақылау камералары арқылы анықтап ұстадық. Енді жақында істері сотта атқарылады. Ал Асылбектің Бірімжан және Мұратбек деген екі ағасы бар. Әулеттің үшеуі де Қазақстан полициясы сапында ел тыныштығын күзетіп жүр. Мәртебелі мамандықты таңдағандарына еш өкінбейді. Мұратбек Аяғанов, Есіл аудандық полиция бөлімінің бөлімше басшысы: - Бауырларыммен бір салада иық тіресіп еңбек етіп жүрмін. Үйдің үлкені болғандықтан інілеріме әркез ақыл-кеңесімді айтып, көмегімді көрсетіп тұрамын. Бұдан бөлек Бірімжанмен менің жолдасым да осы салада тер төгіп жүрген білікті офицерлер. «Полиция қызметкері болу оңай шаруа емес. Ол үшін уақытпен санаспай жұмыс істеуіңе тура келеді. Сондықтан ағайындылардың отбасымен жиі кездесуіне мүмкіндік бола бермейді», - дейді от анасы. Күлжиян Аяғанова, анасы: - Балаларымызды адал болсын деп тәрбиеледік. Ер жетіп, қалаған оқуларына өздері түсті. Қазір қызметтерін абыроймен атқаруда. Әрине ел қауіпсіздігіне жауапты болған соң әркез уайымдап отырамыз. Жалпы айта кету қажет, бүгінгі күні Солтүстік Қазақстан облысында 30-дан астам полиция династиясы тұрады. Самат Қайырденұлы, Руслан Әлиев