Абай облысының Көкпекті ауданында Байбура бидің ескерткіші ашылды. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында бой көтерген белгітас «Омбы-Майқапшағай» күре жолының бойындағы ел аузында Байбура асуы атанған кезеңге қойылды. Осыған орай ақындар айтысы, жыр мүшәйрасы мен ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылып, есімі бұған дейін елге беймәлім болған тұлға туралы тың мәліметтер айтылды. Ұрпақтарының бастамасымен еңсе тіктеген 4 метрге жуықтайтын ескерткіштің Байбура асуына қойылуы бекер емес. Өйткені би 1720 жылы Көкпекті өңірінде туып, 1793 жылы осы кезеңде дүниеден өткен. Байбура Қожабергенұлы ел ішіндегі ұзаққа созылған Керімбала дауын әділ шешуімен жұрт есінде қалған. Мұхсин Мақұлбекұлы, Байбура бидің ұрпағы: - Керей мен уақтың дауы ғой деймін. Екі жылға созылған дауды Байбура қалың мал қайтарылмайтындай әділдікпен шешкендігі жөнінде ел аузында әңгіме бар. Байбура осы өңірде туып, өмір сүрген. Әкесі Қожаберген Ақсуатта жатыр. Қожаберген Абылайдың оң тізесінен орын алған батырлардың бірі. Серік Құсанбаев, айтыскер ақын: - 2017 жылға дейін Байбура есімі ел аузындағы аңыз болатын. Байбураның бораны, тіпті жаздың өзінде апат-күлпәт көп болған. Көліктер соғылып жататын. Бүгін сол аңыз ақиқатқа айналып, ұрпағының баба алдындағы парызы орындалды деп сенем. Ел аузындағы аңыздан ақиқатқа айналып, есімі қайта жаңғырған тұлға құрметіне ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп, жыр мүшәйрасы мен ақындар айтысы ұйымдастырылды. Мұратқан Кенжеханұлы, айтысты ұйымдастырушы: - Енді міне аузымен құс тістеген азулы ақындар баба есімін насихаттап жатыр. Бұл көптен бері ойда жүрген дүние болатын. Сол істің сәті бүгін келіп жатыр. Байбура есімі бұдан кейін де насихатталады. Байбура би есімін ұлықтау шаралары Көкпекті ауданында жалғасын табады. Алдағы уақытта ескерткіш маңы абаттандырылып, келімді-кетімді жұрт аялдайтын киелі орынға айналады. Азамат Қасым, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы