USD 332.21 EUR 388.95 РУБ 5.61

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      


Алматыда құрылысшылар жол апатына себепкер болды

  • 168
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Алматыда құрылысшылар жол апатына себепкер болды

Алматыда мердігер мекеменің салғырттығынан жол-көлік апаты болды.

Индустриялды аймақта жаңадан салынған жол бөлігін бұзып, жылу құбырын өткізген мекеме терең шұңқыр қазып, көмбей кеткен. Сорақысы сол, құрылыс жұмыстары жүріп жатқандығы жөнінде ешқандай белгі де орнатпаған. Соның салдарынан тереңдігі үш метрлік шұңқырға екі автокөлік түсіп кетті. Абырой болғанда, адам шығыны жоқ. Ал көлік иелері «аман қалғанымызға тәубә» деп отыр.

Бұл жаңа жолда терең шұңқырға түсіп кеткен көліктің қазіргі сиқы. Көлікті тізгіндеген Маржан сол түні жұбайымен туыстарына бара жатқан. Тақтайдай төселген тасжолда кенеттен апат болады деп ойламаған.

Маржан Қалнұрова, қала тұрғыны:

– Машинада күйеуім, өзім болдым. Үш баланы алайын дедік. Аллаға шүкір, сол күні үшеуін де өзімізбен алмадық. Бірдеңе сезген сияқты да. Белгі жоқ. Келсек, тағы бір машина жатыр ғой. Қорқып кеттік, мына адам өлген жоқ па деп. Барып полиция шақырдық.

Шұңқырға түсіп кеткен көліктегі қауіпсіздік құралы Маржанның өмірін сақтап қалыпты. Ал күйеуі жарақаттанып, миы шайқалған. Есін жиған соң Маржан дереу жедел жәрдем мен полицияға хабарлайды. Бұл жағдай жөнінде телеарнаның бірінде айтады. Олар апатты бейнеге түсіріп алған екен. Зардап шеккендердің бір жақыны құрылыс жұмыстары жүргізілген жерде ешқандай ескерту белгілері болған жоқ дейді.

Азамат Бурханов, зардап шегушінің жақыны:

– Қарашаның 12-сі күні осында келіп қарадым. Ешқандай ескерту белгілерін байқамадым. Мердігер мекеме өкілдерін іздедік. Нысанның паспорты да жоқ. Құрылысқа қандай компания жауапты екені де белгісіз.

Жол-көлік апаты болған жерге құрылысшылар тек 1 апта өткен соң ғана барған. Ал мердігер мекеменің өкілі қандайда бір мәлімет беруден бас тартты. Салғырттық салдарынан болған жағдайдан зардап шеккен отбасы заңгер көмегіне жүгінді. Оның айтуынша, осы құрылысқа жауапты мекеменің басшылығынан жауап алу мүмкін болмай отыр. Енді қалалық әкімдік мамандары оқиғаның анық-қанығын анықтап жатыр.

Дәурен Жандыбаев, Алматы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

– Қазір мердігер мекемеге қатысты тексеріс жүріп жатыр. Егер кінәсі болса, жауапқа тартылып, материалды шығынды өтейді. Ондай шешімді сот қабылдайды.

Қалада осыған ұқсас жағдай аз емес. Жуырда ғана қаланың шығыс айналмалы күре жолында арнайы ескерту белгілерінің болмауы салдарынан жол-көлік апаты болған. 

Авторлары: Алмас Садуақас, Аскар Сергалиев, Мұхит Кұдықбаев, Валентин Лобанов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top