USD 334.92 EUR 396.70 РУБ 5.72

+7 7172 553 642 | 24kz@khabar.kz

      



Алматы-Бішкек тасжолындағы апаттан қаза тапқандардың саны артты

  • 221
  • Бейне
  • Материалды бағалаңыз
    (0 бағалау)
Алматы-Бішкек тасжолындағы апаттан қаза тапқандардың саны артты

Түс ауа үшінші жолаушының да көз жұмғаны белгілі болды.

Айта кетейік, бүгін таңғы сағат 07:30-да Алматы облысы, Ұзынағаш ауылының маңында жолаушылар автобусы аударылды. Алдын ала болжам бойынша, 41 жастағы жүргізуші көлік тізгініне ие бола алмай қалған.

Түнде Алматы облысында қар жауған еді. Автобустың жолдан шығып кетуіне көктайғақ себеп болуы мүмкін. 43 жолаушысы бар автобус кеше кешкі 18:00-де Сарыағаштан шыққан. Екі адам апат кезінде жантәсілім етсе, үшінші жолаушы Жамбыл ауданының ауруханасында көз жұмды. Тергеушілердің сұрақтарына жауап берген соң, автобус жүргізушісін де жедел жәрдем алып кетті.

Ботакөз Медетбекова, бас дәрігердің орынбасары:

- Сағат 7:30-да Жамбыл ауданының ауруханасына 28 адам алып келінді. Оның екеуінде ауыр жарақат болды. 16 адамға амбулаторлық ем көрсеттік те, оларды емханаға жібердік.

Қазір ауруханаларда 8 адам жатыр. Біразының миы шайқалып, омыртқасына зақым келген. Бірен-саран жолаушы болмаса, көпшілігі апат кезінде ұйықтап отырған.

Айнаш Тілеубаева, жолаушы:

- Жақын қалдық деп дайындалып отырғанмын. Сол кезде автобус қисайып, екі айналғанын білемін. Одан кейін ештеңені білмеймін. Кіші балам мен үлкенімді іздедім. Сол кішкентай балам ұшып шығып кеткен екен. Үлкен баламның беті, аяғы істемейді деді. Білмеймін. Оны Қаскелеңге жібердік деп айтқан.

Медициналық көмектен бас тартқан адамдар жолшыбай көлікпен Алматыға жетіпті. Ауруханаға жатқызылғандары туған-туыстарына хабар беріп, апатқа ұшыраған автобустан өз жүктерін алдыртып жатыр.

Көбейхан Нұрахмет, облыстық ІІД баспасөз хатшысы:

- Жол-патрульдік полициясы мен Жамбыл ауданының ІІБ қызметкерлері жол апаты болған жерде жұмыс істеп жатыр. Қазір осы оқиғаға байланысты ҚК 345-бабы, 4-ші тармағы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қайтыс болған адамдардың үшеуі де – ер адам. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмдардың үшеуі де – Сарыағаштың тумасы. Автобус апатының нақты неден болғаны тиісті сараптамадан кейін анықталады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Ерлан Әбжанов

Система Orphus Мәтінде қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter басыңыз
back to top