352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Есіл жағасына жиналған астаналықтар Денис Теннің рухына тағзым етті

  • 200

Денис Тенді жанкүйерлермен қатар қатардағы қазақстандықтардың да ерекше жақсы көргенін білеміз.

Оны суыт хабарды ести сала, даңқты спортшының рухына тағзым ету үшін Есілдің бойына асыққан азаматтардың санынан-ақ байқауға болады.

Қайғыны бөліссе, азаяды. Қаралы хабарды естіп, есеңгіреген ел Есілдің бойынан жұбаныш іздеді. Астаналықтар үлкен экраннан Денистің өміріндегі жарқын сәттерді тамашалап, өзара естеліктерімен бөлісті.

Жәнібек Иманов, Астана қаласының тұрғыны:

– Оның шеберлік сыныптарында, Алматыдағы қойылымдарында болдық. Жүрегі кең адам болатын. Бұл қаза менің достарым мен отбасыма да әсер етті. Туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтамын. Өте қарапайым азамат еді.

Қарапайымдылық. Адам бойындағы осы бір қасиетті келгендердің әрқайсысы тілге тиек етті. Жанкүйер қауымның даңқты спортшыны ерекше жақсы көргенін білеміз. Бүгін тағы бір мәрте куә болдық. Оған спортшының айдындағы талантынан бөлек, туа біткен мінезі себеп болса керек.

БЛИЦ:

– Маңдайымызға біткен баламыздан айырылып қалдық. Бәріміздің де қабырғамыз қайысып отыр. Өзі сондай ақкөңіл бала еді. Қарапайым.

– Өте жақсы спортшы еді. Жүрегіміз ауырып отыр.

Есілдің жағасына келіп, Денисті жоқтағандардың арасында 12 жастағы Богдан да бар. Оның мәнерлеп сырғанаумен айналысқанына биыл 9 жыл болыпты. Спорттағы үлгі тұтар тұлғасынан көз жазып қалса да, оның бейнесін жүрегімде «мәңгі сақтаймын» дейді жас спортшы. 

Богдан Жарков, Астана қаласының тұрғыны:

– Ол Қазақстанның атын сан мәрте шығарды. Солай бола тұра, өте қарапайым адам. Бүгінгі жаңалықты естігенде, мұңайып қалдым. Себебі ондай адамдар өмір сүруі керек. Мен оны ешқашан ұмытпаймын. 

Оның ғұмыры қамшының сабындай қысқа болды. Ол құйрықты жұлдыздай жарқ етіп, мезгілінен бұрын сөнді. Алайда мыңдаған жас жүректе үміт отын жағып үлгерді.

Авторлары: Нұршапағат Несіпбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы