363.61 436.00 5.40
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде аялдама астында қалған әйел екі ай ауруханада емделеді

  • 150

Ақтөбеде екі баласымен автобус күтіп тұрған әйелдің үстіне аялдама құлады.

Екі жеткіншек жеңіл жарақат алып, аналары ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр.

Темірден жасалған аялдамның астында қалған Сәния Сафина 2 ай аурухана төсегіне таңылатын болды. 49 жастағы әйелдің омыртқасы сынған. Опырылып түскен аялдаманың астынан куәгерлер алып шығыпты. Кіші ұлы жеңіл жарақат алса, үлкен баласының саусағы сынған. Жеткіншек темір құрылғыны ұстап қалуға әрекет етіпті.

Сәния Сафина, зардап шегуші:

Өзім есімді жинағанда балам айқайлап жатыр, «мама, уходи, я не могу держать уже» деп. Тұра алған жоқпын адамдар көмектесті, жедел жәрдем шақырды. Екінші және үшінші омыртқам сынды.

Оқиға Мәншүк Мәметова атындағы көшеде болды. Қатты желге төтеп бере алмаған аялдама адамдардың үстіне құлаған. Сәнияның жанында баласымен тұрған тағы бір әйел қашып үлгеріпті. Оқыс оқиғадан кейін аялдаманы алып тастаған. Мердігер компания бұл учаскеге жол плиталарын төсеп жатыр. Сондықтан аялдама құрылғысы бекітілмепті. Жалпы қалада 700 аялдама болса, оның біразын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.

Бауыржан Алдияров, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жетекшісінің орынбасары:

- Аялдаманың құлауына байланысты мәселенің мән-жайын анықтап жатырмыз. Аялдама өз орнында тұрмаған, оны жылжытып қойған. Себебі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол аумақты абаттандырумен айналысатын мердігер компания «Системс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Қазір тексеру жүріп жатыр. Барлық тиісті жұмыстар аяқталған соң нақты себебін айтамыз.

Аялдама аумағында абаттандыру жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияның үстінен 306-баптың 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Яғни қызмет көрсету кезінде қауіпсіздік шараларын сақтамаған деген айып тағылды.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Айнедин Молдабеков

Хабар 24 телеарнасы