359.00 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Түркістан облысында тұрғындар полицияға автоұрылар тобын ұстауға көмектесті

  • 193

Білдей лауазымды қызметте отырған басшы парамен ұсталды. Астана мен Алматыда қалта ұрылары қолға түсіп, Шымкентте асхана өртеніп кетті.

Қостанай облысы бойынша «Қазагроқаржы» АҚ-ның басшысы парамен ұсталды. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары лауазымды қызметкер облыстың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерден ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын қаржыландыру бойынша мәселесінің жылдам әрі оң шешім табуы үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілініп отыр. Параның жалпы сомасы 1 миллион теңгеден асады. Күдікті бұл қаражатты 2018 жылдың маусымынан тамызына дейін алып отырған. Пара алудың бестен аса дерегі тіркелген. Күдікті үй қамауына алынды. Сондай-ақ ЖШС-нің жауапты директоры пара берді деген күдікпен жауапқа тартылып отыр. Осы деректер бойынша қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

Алматыда қоғамдық көліктерде ұрлық жасаған екі адам ұсталды. Олар жәбірленушімен бірге автобусқа отырған. Ер кісі көліктегі жолаушыларды тонаумен айналысып жатқанда әйел адам автобустағылардың зейінін басқаға аударып отырған. Олар өз кінәсін мойындап, ұрлаған заттарын қайтарып берді. Алматы қалалық ІІД баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі таңда олардың басқа да істерге қатысы бар жоғы тексеріліп жатыр.

Астанада тәулігіне 10-ға жуық қалта ұрлығы тіркеледі. Көп жағдайда қолды болатын – смартфон және гаджеттер. Бұл туралы Астана қалалық ішкі істер департаментіне қарасты Жедел басқару орталығының бастығы хабарлады. Қайрат Раушановтың айтуынша, ұрлық деректері негізінен адам көп жиналатын орындарда  тіркеледі. Қалта ұрылары «олжасын» бірден сатпайды. Оны бөлшектеп, телефон жөндеумен айналысатын орталықтарға өткізетін көрінеді. Ал бұл жағдайда жоғалған смартфонды не болмаса гаджетті иесіне қайтару мүмкін емес екен. Айта кетейік, жыл басынан бері 186 мың әкімшілік құқық бұзу факті тіркеліп, 153 адам жазаға тартылған.

Түркістан облысында жергілікті тұрғындар полицейлерге автоұрылар тобын ұстауға көмектесті. Сайрам аудандық ІІБ-нің «102» байланыс нөміріне екі бірдей жергілікті азаматтан хабарлама түскен. Олар көшеде тұрған жүк көлігінен аккумулятор ұрлаған белгісіз тұлғаларды байқағанын айтқан. Күдіктілерді ұстауға бірден Сайрам аудандық ІІБ мен жергілікті полиция қызметінің жеке құрамы жіберілді. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде күдіктілер қолға түсті. Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 2 миллион теңгені құрайды. Өз кезегінде Сайрам аудандық ІІБ-нің басшылығы аккумулятор ұрлағандарды ұстауға көмектескен екі жергілікті тұрғынға алғыс білдіріп, салтанатты түрде марапаттады.

Шымкентте асхана жанып кетті. Қалалық ТЖД мәліметінше, кезекшілерге ұялы телефон арқылы хабарлама келіп түскен. Онда Алматы тас жолындағы асханада өрт шыққандығы туралы айтылды. Оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер асхананың пластикалық қаптамалары толығымен жанып кеткенін анықтады. Тілсіз жаумен күресуге жеке құрамның 21 адамы мен 3 техникасы жұмылдырылды. Тілсіз жаудан зардап шеккендер мен қайтыс болғандар жоқ. Қазір өрттің шығу себептері анықталуда. Атап өтейік, шымкенттік өрт сөндірушілер бір тәуліктің ішінде 11 мәрте тілсіз жаумен арпалысқан.

Жаңа оқу жылына орай еліміздің барлық өңірлерінде «Жасөспірім» алдын алу іс-шарасы жүріп жатыр. Мақсат - балаларды қорғау және кенеттен болатын оқыс оқиғалардан сақтандырумен құқық бұзушылықтың жолын кесу. Атап өтейік, Павлодарда қыркүйектің алғашқы күндері 370 заңбұзушылық тіркелген. Олардың қатарында кәмелет жасына толмағандарға табак өнімдерін сату бар. Есірткі заттарын пайдаланудың 10  оқиғасы анықталған. Ата-анасынан бөлек қала көшелерінде жүрген 139 оқушы анықталды. Олардың 13-і ұсақ қылмыс жасап үлгеріпті. Сондай-ақ 3 ойын-сауық мекемесінің басшыларына қатысты әкімшілік жаза қолданылды. Олар жасөспірімдерге мекемеге кіруге рұқсат берген. Ішімдікке салынған ата-ана кесірінен кейбір оқушылар тіпті 1 қыркүйекке арналған  салтанатты жиынға қатыспапты. Рейд барысында назарға іліккен барлық жасөспірімдер тіркеуге алынды. Енді олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

Бибігүл Қамзина, облыстық ІІД ЖПҚ ювеналды полиция бөлімінің басшысы:

- Егер жасөспірім түн мезгілінде ата-анасынан бөлек жалғыз-жарым қала көшелерінде  жүретін болса бірден өзіне назар аудартады. Оған қарсы қылмыстық әрекеттердің  жасалуы әбден мүмкін. Тонаушылық, ашықтан ашық тартып алу. Жасөспірімдер осылайша келеңсіз оқиғаларға тап болып жатады.

Хабар 24 телеарнасы