369.36 436.00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Павлодарда 5 жасар бала құдыққа құлап түсті

  • 130
Павлодарда 5 жасар бала құдыққа құлап түсті blogspot.com

Кәріз қақпағы кімге керек болды? Есті кісі есірткі қажетсіне ме? Зейнеткерге қол көтерген кім?

Павлодар қаласында кәріз қақпақтарын ұрлағандар іздестірілуде. Жыл басынан бері қала көшелерінде  12 ұрлық дерегі тіркелген.  Қазіргі уақытта қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Бір түннің ішінде қалалық коммуналдық қызмет нысандарына тиесілі 5 бірдей қақпақ қолды болды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оңай олжа тапқысы келген ұрылар бейнебақылау камералары жоқ аулаларда ұрлық жасаған. Тұрғындардың шағымынан соң ішкі істер органдарының қызметкерлері облыс орталығындағы түсті металл қабылдайтын 36 орынға тексеру жүргізген. Нәтижесінде алты қабылдау орны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысқаны анықталды. Оларға қатысты әкімшілік жаза қолданылып, кейбірінің жұмыстарын мүлдем тоқтатқан.  Осындай сипатта қылмыс жасағандарға 100 АЕК көлемінде айыппұл  салынады немесе бір жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қолданылады.

Павлодарда кәріз құдығына бала құлап кетті

Демалыс күндері Ақсу қаласына қарасты ауылдық аймақта ашық тұрған кәріз құдығына 5 жасар бала абайсызда  құлап кеткен. Канализациялық шұңқырдың ішінде су болып, бүлдіршін тұншығып қала жаздады. Абырой болғанда, оқиға орнына құтқарушылар жетіп, бала ауруханаға  жеткізді. Бүгінде ол облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда.  Тұрғындар осындай жағдайдың қайталануынан қауіптенеді.

Галина Асылбекова, ПИК өкілі:

– Қауіп тудырып жатыр. Мына қасымызда балабақша, балаларды таңертең  қараңғы кезде балабақшаға әкетеді, балалар ойнайды. Қарттар жүреді мұнда. Сол үшін біз не істерімізді білмей отырғанбыз.

Арман Қаптаев, ІІБ жергілікті полиция қызметінің бастығы:

– Сол 12 фактінің ішінде екеуі ашылған болатын. 10-ы ашылмай қалған болатын. Қазіргі кезде сол фактілер бойынша  жұмыс істеп жатырмыз. Сол фактілер бойынша кіріс басқармасымен бірлесіп, түсті металлдарды қабылдау және басқа да объектілерді аралап шығып, әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша шаралар қолданамыз.

Алматы облысында біреулер қарияны соққыға жықты

Алматы облысының полицейлері  із-түссіз жоғалып кеткен зейнеткерді анықтады. Іздестіру жұмыстарының нәтижесінде ер адам Алматыдағы ауруханалардың бірінен  ауыр халде табылды. Анықталғандай қарияны қарақшылар соққыға жығып, қалтасындағы барын үптеп кеткен. Полицейлер жақын маңдағы бақылау камераларындағы жазбаларды тексерген. Нәтижесінде жергілікті екі тұрғын күдікті деп танылып, қамауға алынды. Оқиғаға байланысты тергеу амалдары жүргізілуде.

Семейде ұйқыда жатқан әйелді егеуқұйрық тістеді

Семей қаласында оқыс оқиға тіркелді. Ұйқыда жатқан әйелді егеуқұйрық тістеді. Шошып оянған тұрғын бірден жедел жәрдем шақыртып медициналық көмекке жүгінген. Дәрігерлер 57 жастағы әйелдің ернін егеуқұйрық тістегенін растап отыр.  Қазір зардап шеккен азаматшаға көмек көрсетіліп емдом жасалуда.

Атырауда алты жыл бұрын жасалған қанды қылмыс ашылды

Атырауда осыдан алты жыл бұрын жасалған қылмыстың беті ашылды. Жергілікті тұрғын алты жыл бұрын із түссіз жоғалып кеткен. Құқық қорғаушыларға түсінік берген әйел , күйеуін біреулер дінге кіргізіп, әлде бір жаққа соғысуға аттандырды деген.  Алайда әйелдің өзі бой жетіп қалған екі қызының көмегімен күйеуіне ұйықтататын дәрі беріп, өлтіргені анықталды. Қолын қанға бояған әйел еркектің мәйітін бөлшектеп, ауласындағы бақшаға көмген. Жан түршігерлік оқиға туралы полицияға әйелдің жиені келіп жайып салған. Куәгер алты жылдан бері ешкімге тіс жармай әрең шыдап келгенін айтқан. Қазір осы іс бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлайды аймақтағы ІІД баспасөз қызметі.

Жамбыл облысында 1 тоннадан астам есірткі тәркіленген 

Жамбыл облысының полицейлері 8 айдың ішінде бір тоннадан аса есірткі затын тәркіледі. Және осы аралықта есірткіге қатысты 500 қылмыстық іс қозғаған. Мұндай мәліметтер «Көкнәр 2018» қылмыстың алдын алу шарасы аясында анықталып отыр. Сонымен қатар соңғы үш айда Шу өңірінде есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы мамандары заңсыз айналымдағы  170 оқиғаны тіркеген. Қазір уақытта шу өңірінде полиция қызметі  күшейтілген жұмыс жүйесіне көшірілді.

Қанат Белгібаев, Жамбыл облысы ІІД есірткі саудасына қарсы басқармасының бөлім басшысы:

- Заңсыз айналымнан 600 килограммға жуық түрлі есірткі заты тәркіленді. Оның ішінде 2 келі героин, 80 келі гашиш, қалғаны марихуана есірткісі. Есірткіге тосқауыл бойынша алты бекетіміз бар. Осы бекеттердің жұмысы арқылы жанжаққа кететін есірткі саудасының жолы қиылады.

Хабар 24 телеарнасы