352.09 431.00 5.39
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ШҚО-да биылғы шомылу маусымында 36 адам ажал құшты

  • 86

Шығыс Қазақстан облысында биылғы шомылу мауысымында балалардың суға бату деректері өткен жылғыдан 3,5 есе көп тіркелген.

Жалпы жаз бойы 36 адам суға кетіп мерт болыпты. Тұрғындардың бұл тұрғыдағы жауапсыздығы мен балалардың өміріне салғырт қарауы қайғылы оқиғаларға себеп болған. Аймақтағы жағажайлардың жағдайы да мәз емес. Облыста шомылуға арнайы жабдықталмаған 2 мыңнан астам су қоймасы бар. Ал заңды түрдегі 3 жағажайдың өзінде қауіпсіздік талаптары толық сақталмаған.

 

100-ге жуық медициналық препарат сертификаттаудан өте алмады

Осы жылдың сегіз айында дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жүзге жуық түрі тиісті сертификаттаудан өте алмай қалды. Оның арасында қазақстандық және шетелдік өнімдер бар. Былтыр талапқа сай келмейтін 500 өнім сертификатсыз қалған еді. Бұл туралы «Дәрілік заттарды сараптау ұлттық орталығының» басшылығы хабарлады. Дәрі-дәрмектердің кері қайтарылуының себебі технологиялық үдерістің қоймада ұстау және тасымалдау ережелерінің сақталмауында. Жалпы елімізде арнайы зерттеу жүргізетін жеті зертхана бар.

 

Атырауда ана мен бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Атыраудағы перзентханада көз жұмған ана мен бала өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалды. 25 жастағы аяғы ауыр әйел облыстық перзентханаға ауыр жағдайда түскен. Жүктілік уақыты 38-39 аптаға жеткен келіншек жан сақтау бөлімінде көрсетілген ем-домға қарамастан аурухана төсегінде қайтыс болды. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалып, қызметтік тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.

 

БҚО-да 275 көше атауы өзгерді

Батыс Қазақстан облысында былтырдан бері 127 көше мен 4 елді мекен жаңа атауға ие болды.  Жаңа жылдан бері 275 көшенің, 14 шағын аудан және 6 ауыл мен 2 алаңның атауы өзгерді. Мәселен Шыңғырлау ауданына қарасты Полтава елді мекені Ардақ, ал Лубин ауылы Ақшат болып өзгертілді. Облыстық драма театр Хадиша Бөкееваның, жаңа алаң, тұңғыш Президент есімін иеленді.

Хабар 24 телеарнасы