Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқан адам саны беске жетті

Қызылорда облысында жол апатынан қаза тапқан адам саны беске жетті

Қызылорда облысындағы жол апаты салдарынан қайтыс болғандар саны бес адамға жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға бүгін, 13 қаңтарда сағат 14:20 шамасында «Қызылорда-Құмкөл» автожолының 69 шақырымында болды. Сол аумақта «Мерседес Бенц Спринтер» және «Тойота Хайлюкс» автокөліктері соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан екі автокөліктің жүргізушісі, бір жолаушы оқиға орнында көз жұмған. Ал екі жолаушы медициналық мекемеде қайтыс болды.

Қалған 5 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді.

«Оқиға орнында полиция қызметкерлері, төтенше жағдай және медицина қызметкерлері жұмыс істеп жатыр. Жол-көлік оқиғасы жол ережесін бұзу салдарынан болуы мүмкін. ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Онда көлік құралдарын жүргізуші тұлғалардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзу жағдайы көрсетілген», - деп хабарлады Қызылорда облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.

Бұл оқиға бойынша тиісті сараптамалар тағайындалған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.