Қарағандыда көп қабатты үйдің тұрғындары газдан уланып қалды

Қарағанды қаласында көп қабатты үйдің тұрғындары уланып қалды. Болжам бойынша газ жертөледе істеп тұрған генератордан тараған. 1954 жылғы әйел жансақтау бөліміне түсті. Дәрігерлердің айтуынша, қазір оның жағдайы жақсарып, жалпы палатаға ауыстырылды. Қалған 6 науқас бірден үйге жіберілді. 

Алматы облысында боранда қар құрсауынан 80 жолаушы құтқарылды. Олардың арасында аяғы ауыр әйел мен балалар болған. Кербұлақ ауданындағы Сарыөзек – Көктал тас жолында 30 көлік кептеліп қалған. Хабар түскеннен кейін жол қардан аршылып, көлік қозғалысы қалпына келді.

Жамбыл облысында да осындай жағдай. Қордай ауданындағы Алматы-Ташкент тас жолында боранда 15 көлік батып қалған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері олардың ішінде болған 45 адамды құтқарып, оларды жылы жерге жайғастырды. Мамандар дауылды ескерту жарияланған күндері жолға шықпауға кеңес береді.

Ақтөбе облысындағы Қандыағаш қаласында ірі базар өртенді. Тілсіз жау таң ата тұтанып, 700 шаршы метр аумақты шарпыған. Төтенше жағдайлар қызметкерлері отты 4 сағат дегенде толық сөндірді. Бұл жұмысқа 10 шақты арнайы техника жұмылдырылды. Қазір оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. Зардап шеккендер жоқ

Жаңаөзен қаласында жол апаты болды. «ВАЗ - 2114» көлігінің жүргізушісі басып озған кезінде BMW мен «Geely»-ге соғылған. Соның салдарынан бір адам зардап шегіп, дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді. Полицейлер кінәлі жүргізушіге қатысты хаттама толтырып, айыппұл салды.