Елімізде жыл сайын екі мыңнан аса көлік өрті тіркеледі

Елімізде жыл сайын екі мыңнан аса көлік өрті тіркеледі

Елімізде жыл сайын орташа есеппен автокөлік құралдарында 2 мыңнан астам өрт болады.

Тек 2020 жылдың 12 айында 2 216 автокөлік өрті болып, шығыны 618 млн теңгені құрады.

2021 жылдың қаңтар айында көліктерде 210 өрт болды, оның шығыны 88 млн теңгені құрады. 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өрттер саны 2 есе артты (2020 жылы 110), материалдық залал 5 есе өсті (2020 жылы 15 млн теңге).

Автокөліктегі өрттердің негізгі үлесі жеңіл көлікке тиесілі, атап айтқанда 187 жағдай немесе көліктегі өрттердің жалпы санының 89%-ін құрайды.

Өрттердің жалпы санының 15-20%-ін автокөлік құралдарындағы өрт құрайды және соңғы 5 жыл ішінде тұрғын үй секторындағы өрттерден кейін жиілігі бойынша тұрақты түрде екінші орынды алады.

Көлік құралдарында өрттердің пайда болуының негізгі себептері:

– автокөлік құралының электр жабдығын орнату және пайдалану қағидаларын бұзу;

– мотор бөліктерін жанғыш материалдармен жылыту, аталмыш материалдарды радиаторлар алдындағы кеңістікке орнату;

– қолдан жасалған газ жабдығын орнату;

– отты абайсыз қолдану;

– отын жүйесінің, қозғалтқышты майлау жүйелерінің ақауы;

– электр жүйесінің ақауы;

– ашық от көздерін қолдана отырып, автомобильдерді жөндеу жұмыстарын жүргізу;

– қозғалтқыштарды ашық от көздерімен жылыту;

– қасақана өртеу.

Ақпарат көзі: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі